Павлодар облысында бір жылда 10 млн көшет өсірілетін орман тәлімбағы қайта ашылды

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде жылдық өндірістік қуаттылығы 10 млн дана көшетті құрайтын тәлімбақ іске қосылады. Нақтырақ айтсақ, тұралап қалған нысанның жұмысы қайта жанданады.

Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының жетекшісі Руслан Түлепбаевтың мәліметінше, ел Президентінің тапсырмасына сәйкес осы жылдың көктемінде 11 млн дана қарағай көшеті отырғызылды. 

Аймақтағы орман қорғау мекемелерінің 120 гектарлық аумағына ағаш егу жоспарланған. Кешенді жоспар бойынша 533 мың қарағай көшеті отырғызылды. Өңірдегі ормандарға отырғызу материалы көршілес Шығыс Қазақстан облысынан тасымалданады. Ал Үрлітөбе және Максим-Горький орман мекемелері қарағай тұқымдарын септі, - дейді Руслан Түлепов. 

Сала мамандарының айтуынша, 2023 жылға қарай жаңа тәлімбақ облыстың орман дақылдарына деген қажеттілігін толық өтей алады. Жоспар бойынша 7,4 млн дана көшет отырғызылады деп күтілуде. Ал үстіміздегі жылы 6,2 гектарлық жерге 315 келі тұқым қажет болады. Алдағы үш жылда 1250 гектар жер орманмен жабылуы тиіс. Бұл - жылдағы жоспардан 10 есеге артық көрсеткіш. Жалпы, алдағы бес жыл ішінде қарапайым қарағайдың 115 млн данасы өсіріледі. 

Орманшылардың айтуынша, орман дақылдарының жерсінуі 70%-ы құраған жағдайда 2025 жылға қарай орманмен жабылған аумақ 14-15 мың гектарға ұлғаяды. Десе де, өткен жылғы көрсеткіш көңіл көншітпейді. Өсімдіктердің жерсінуі 40%-ға, яғни, нормативтік көрсеткіштің жартысына да жетпеген. Биылғы науқанның жұмыс нәтижелері күзде белгілі болмақ.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы