Павлодар облысында балықтарды құтқару кезеңі аяқталуда
Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облысында оқшауланған су тоғандарындағы балықтарды қыстан аман алып шығуға бағытталған шаралар аяқталуға жақын.
Айта кетейік, өткен жылы облыстың бірнеше ауданында балық қырылу деректері тіркелді. Мамандар өліп қалған алты мың балықты анықтады.
Сол себепті, табиғат қорғаушылар, салалық инспекция мен жауапты мемлекеттік орган құтқару жұмыстарын жыл сайын күшейтіп келеді. Ал оқшауланған, яғни, шағын көлшіктер қатаң бақылауға алынды. Сала мамандарының айтуынша, кішігірім су тоғандарында балық қоры мол. Тұқы, сазан, шортан, алабұға, көксерке сияқты тұқымдары тіршілік етеді.
Мәселен, ұзындығы алты шақырымға созылатын Ломовая көлінде 5-6 балық түрі бар. Көрші маңдағы ауыл тұрғындары балық аулап, демалуды әдетке айналдырған. Мұздың қалыңдығы 1 метр 20 сантиметрге жеткендіктен, балықтар тұншығып қалуы әбден мүмкін. Көлшік табиғат пайдаланушыға бекітілмегендіктен, бақылау күшейтілді. Жалпы, биылғы жыды 12 су айдыны табиғат пайдаланушының иелігіне берілмек.
Зайсан-Ертіс облысаралық бассейн испекциясы мамандарының мәліметінше, балықтарды құтқару үшін аэрация тәсілі қолданылады. Яғни, су маржандарын мұз қату кезінде тұншығып қалуы ықтимал.
Біз көлдерде шұңқырларды бұрғылаймыз. Мақсат - көлдің ішіне ауа жеткізу. Мұз қалыңдаса, төмендегі балдырлар қысылып, зиянды газ шығаруы мүмкін. Салдарынан балықтар қырылады. Қарапайым тәсіл нәтижесін береді. Ондаған жыл бойы бұл әдісті пайдаланып келеміз. Тиімділігін көрсетті. Осы күнге дейін 1200-ден астам шұңқыр қазылды. Олар қатып қалмас үшін қамыс қолданылады, - дейді мамандар.
Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы мамандарының хабаралуынша, аймақта балық шаруашылығын өндірістік деңгейге көтеру бойынша кешенді шаралар қолға алынған. Үкіметтік бағдарлама аясында балық популяциясын ұлғайту мен өндірушілерге қолдау көрсету қарастырған.
Өткен жылы аймақта тауарлы балық өндірісі іске қосылды. Бір жылда 50 тонна өнім өндірілді. Ендігі мақсат - 100 тонна. Мемлекет тарапынан қолдау болғандықтан, өндіруші ұйымдар қатары 11-ден астам, Қазіргі уақытта кәсіпкерлерге субсидия түрінде қолау шаралары қарастырылған. Майшабақтарды өсіру, баалық жем азығы мен құрал-жабдықтарды сатып алуға субсидиялық қолдау көрсетіледі, - дейді басқарманың бөлім басшысы Жасұлан Жұмашев.
Мамандар 2030 жылға дейін бір жылда 10 мың тонна балық өндіруді көздеп отыр.