Павлодар облысында балалар арасында көкжөтел белең алды
Павлодар облысында балалар арасында көкжөтел жұқтыру деректері көбейді, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан бері 136 бала ауру жұқтырған. Ал былты сегіз айы ішінде небары бір дерек тіркелген.
Облыстық сенитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Гүлмира Құлмағамбетованың айтуынша, ауруға шалдыққандардың 90%-ы екпе алмаған балалар болып шықты.
Көкжөтелді балалар ғана емес, ересек азаматтар да жұқтыра алады. Жалпы, вакциналау бала кезде салынады. Төрт доза қарастырылған. Соңғы иммундау шарасы жеті жаста жасалады. Сондықтан, ағзаның иммунитеті балалық шақта қалыптасып, өмір бақи сақталады, - дейді Гүлмира Құлмағамбетова.
Ал қызылша бойынша жағдай айтарлықтай тұрақталып, төмендеп жатыр. Үстіміздегі жылдың тамыз айында небары алты оқиға тіркелген. Ал осы жылдың шілдесіне дейін кәмелеттік жасқа толмағандар арасында 1600-ге жуық дерек анықталды.
Иммундау шаралары мен өзге де шаралар тиімділігін берді деуге болады. Аймақта қосымша иммунизация өткені белгілі. Өңірде вакцина алуға жататын халықтың 70%-дан астамы екпе алды. Яғни, қазіргі уақытта ұжымдық иммунитет қалыптасты. Әрине, вакцинадан бас тарту мәселесі өткір тұр. Бұл екпе алғандар мен екпе алмағандардың денсаулығына қауіп төндіреді. Осы бағытта түсіндіру жұмыстары күшейтілді, - дейді мамандар.
Айта кетейік, Павлодар облысында 1000-нан астам ата-ана балаларына екпе салудан бас тартқан.