Павлодар облысында азық-түлік бағасын бақылайтын жедел штаб құрылды

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде азық-түлік бағасының көтерілмеуіне жол бермеу мақсатында жедел штаб құрылды. Бүгінде жеңіл өнеркәсіп өнімдеріне мониторинг тұрақты түрде жүргізілуде.

Мамандардың айтуынша, рейдтік шаралар бұрынғыдай күніне бір рет емес, үш рет жүргізіледі. Соңғы күндері атқарылған шаралардың нәтижесінде азық-түліктің бағасы көтерілмеген.

Павлодар қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлыбек Әбдірахмановтың хабарлауынша, өңірде тек қант бағасы көтерілген. Себебі, өнім көршілес Ресейден тасымалданады.

Бүгінде облыс орталығында 27 әлеуметтік дүкен бар. Бірінші кезекте тұтынылатын өнімдер қоры жеткілікті. Тұрақтандыру қорында әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі өнім жеткілікті. Қант, қамақұмық өнімдері жеткілікті, - дейді Нұрлыбек Әбдірахманов.
Павлодарлықтардың бір жылда тұтынатын қант көлемі 6 мың тоннадан асады. Қарақұмық - 2500-ден астам, күріш - 3000 тонна тұтынылады. Жалпы, әлеуметтік маңыздағы өнімдер қатарына күріш, қарақұмық, нан, сиыр және тауық еті, сүт, айран, жұмыртқа, сары және күнбағыс майы, қырыққабат, пияз, сәбіз қант пен тұз жатады.

Айта кетейік, облыс тұрғындары азық-түлік бағасының көтерілуін байқаған жағдайда жедел байланыс нөміріне хабарлай алады. Жедел желі кешкі сағат 18.30-ға дейін жұмыс істейді.

Облыстағы валюта айырбастау пункттеріндегі жағдай да тұрақты. Олар қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр. Қазіргі таңда валюталық операциялар 120-ға жуық орында жүргізіледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы