Павлодар облысында ауылдық елді мекендердің 99%-ы сапалы ауызсумен қамтылады
Павлодар облысында халықты таза ауызсумен қамту жобалары жүзеге асырылған соң көрсеткішті 99%-ға жеткізуге мүмкіндік бар, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Қазіргі уақытта ауылдарды ауызсумен қамты көрсеткіші - 98,2%. Бүгінгі таңда облыстағы 352 елді мекеннің 228-і орталықтандырылған жүйеге қосылған.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Иманзайыповтың айтуынша, қазіргі уақытта алты ауылда су құбырын тарту жобалары аяқталды.
Бұл жобаларды ескере отырып, облыс тұрғындарының таза ауызсуға қолжетімділігі 98,7%-ға жетеді. Жыл қорытындысы бойынша жоспарланған шаралар жүзеге асырылған соң көрсеткіш 99,3%-ға жақындатуға мүмкіндік бар. Ол үшін су құбарларын тарту жұмыстары уақытында аяқталу қажет. Бес ауылда құбырлар қүрылысын аяқтау, бес елді мекенде кешенді блок модуль орнату, жеті ауылда жүйені оңдайландыру, Май топтық су құбырына бес елді мекенді қосу бойында құжаттама әзірлеу сияқты жұмыстарды аяқтау көзделген. Сонда ауыл халқы таза сумен толық қамтылады, - дейді Ержан Иманзайыпов.
Тұрғындарды сапалы ауызсумен қамту бойынша Павлодар облысы республикада алтыншы орында тұр. Бүгінгі таңда 26 ауылға су құбырын тарту бойынша жобалар әзірленіп жатыр.
Айта кетейік, облыс орталығындағы шағын аудандарды сумен қамту мәселесі де басты назарда. Нақтырақ айтқанда, Әуеқалашық және Элеватор аудандарында сумен жабдықтау шаралары қолға алынған. Жұмыстар келесі айда аяқталуы тиіс.
Тағы он ықшам аудан бойынша сумен жабдықтау желілерін жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде жеті жоба жыл соңына дейін, ал қалғаны келесі жылы толық әзірленіп, сараптамаға жолданбақ.