Павлодар облысында ауылдарда жаңа 30 медициналық нысан салынады

Ертіс өңірінде «Ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту» пилоттық ұлттық жобаны жүзеге асыру шеңберінде 30 медициналық нысанға қажеттілік туындап жатыр, деп хабарлайды Павлодар облысындағы BAQ.KZ  тілшісі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің хабарлауынша, бүгінгі таңда жаңа медициналық нысанның құрылысы бойынша тиісті жобалар салалық министрлікке жолданды.

Өңірге екі амбулатория, бес фельшерлік-амбулаториялық пункт және 23 медициналық пункт қажет. Олардың үшеуі медициналық нысандар мүлдем жоқ жерлерде, тоғыз нысан тозығы жеткен нысандардың орнында,  ал 18 нысан жалға алынған ғимараттардан шығу үшін салынады. Жобалардың жалпы құны 3,9 млрд. теңге көлемінде болады деген болжам бар. Жобалар жүзеге асырылса, 15 мың ауыл халқы сапалы қызметпен қамтылады, - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Ситқазинов.

Ауыл медицинасын модернизациялау бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы министрлік әзірлейді. Облыстық басқарма жер бөлу, жаңа нысандарға арналған орын табу бойынша жұмыс атқарылмақ. Айта кетейік, 2025 жылға дейінгі облыстық даму жоспары шеңберінде ауылдық жерлерде бастауыш медициналық-санитарлық көмек көрсету нысандарын салу жоспарланған. 

Ауыл хақын сапалы көмекпен қамту мақсатында 15 нысанның біреуі бой көтерді. Ол -Ақсу ауылдық аумағына қарасты Қызылжар ауылындағы дәрігерлік амбалутория. Нысан 100 қаралымға шақталған. Биылғы жылы үш жобалық-сметалық құжаттама жасалды. Құрылыс келер жылы басталады, - дейді басқарма басшысы.

Жалпы, 28 мыңнан астам шалғай ауыл халқы көшпелі медициналық кешеннің көмегімен қамтылған. Осы күнге дейін ауруға шалдыққан екі мыңнан астам адам анықталды. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы