Павлодар облысында атмосфераны ластаған кәсіпорындарға айыппұл салынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл бірінші жартыжылдықта инспекциялық қызметпен 32 тексеріс өткізілген. Оның 12-сі – жоспарлы болса, 20-сы – жоспардан тыс. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайтында хабарланды.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Павлодар облысы бойынша экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Әсел Мұхаметжанованың мәліметінше, 2 млн 588 мың теңгеге 48 айыппұл салынып, оның 45-і 2 млн 323 мың теңгеге өндірілген.

«265 мың теңгеге үш айыппұл орындалуда. Бекітілген алдын алу бақылау тізіміне сәйкес жоғары экологиялық тәуекел тобына жататын 12 кәсіпорында тексеріс заманауи құрал-жабдықтарды қолдану арқылы жүзеге асырылады. Кәсіпорындарға шығындардың орнын толтыру үшін 94,6 млн теңгеге 19 ұйғарым берілген. Оның 10-ы 39 млн теңгеге ерікті түрде орындалған және тоғызы бойынша орындау мерзімі жетпеген», - дейді Әсел Мұхаметжанова.

Спикердің айтуынша, 2016-2018 жылдар аралығында үш жылдың ішінде эмиссия өсімі 163 мың тоннаға артқаны байқалады. Бұл Болат Нұржанов атындағы № 1 МАЭС, «Еуроазияттық энергетикалық станциясы» кәсіпорнындағы электр энергиясын өндірудің артуымен және Павлодар алюминий зауыты базасындағы шикізат базасын алмастырумен байланысты.

«Мысалы, «Болат Нұржанов атындағы МАЭС-1» ЖШС станциясында үш жыл бойы электр энергиясын өндіру сағатына 9 млрд квт-қа, яғни екі есеге немесе 211% артқан. «Еуроазияттық энергетикалық станциясында» үш жыл қатарынан электр энергиясын өндіру 15,4% немесе сағатына 13 млрд кВт-тан 15 млрд кВт-қа өскен. Өнім өсімі қалдықтардың 143 мың тоннадан 158 тоннаға дейін немесе 11 пайызға өсуіне әкелген», - дейді ол.

Айта кетерлігі, биыл ауаға таралған зиянды қалдық 340 мың тоннаны құрады. Бұл көрсеткіш шамамен өткен жылдың ұқсас кезеңімен бірдей келеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы