Павлодар облысында 82,8 мың гектар пайдаланылмаған жер мемлекетке қайтарылды
Облыс әкімдігінің мәліметінше, жаңа жылдан бастап жер учаскелерін беру конкурстары электрондық форматқа көшіріледі.
Павлодар облысында 2026 жылға жоспарланған көрсеткіштен артық жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Жоспар бойынша 70 мың гектарға жуық аумақты қайтару көзделсе, тексеру нәтижесінде 82,8 мың гектар жер анықталған.
Қайтарылған жерлерді қайта бөлу кезінде ауыл тұрғындарын жайылыммен қамтамасыз етуге басымдық берілмек. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы алқаптарын адал жер пайдаланушыларға қолжетімді ету және жайылым тапшылығын азайту көзделген.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, жаңа жылдан бастап жер учаскелерін беру конкурстары электрондық форматқа көшіріледі. Жерді бөлу кезінде топырақ карталары, бағалау материалдары мен геоботаникалық зерттеулер ескерілетін болады. Сондай-ақ 2027 жылғы бюджетте жер учаскелерін паспорттауға қаражат қарастыру және пайдаланылмай жатқан алқаптарды мемлекетке қайтару жұмысы жалғасады.
Айта кетейік, 2022-2025 жылдары Павлодар облысында мемлекетке 940,6 мың гектар пайдаланылмаған жер қайтарылған. Оның 930,8 мың гектары ауыл шаруашылығы айналымына енгізілді. Бұдан бөлек, 188,9 мың гектар жер ауыл тұрғындарының қажеттілігіне, негізінен жайылым ретінде қайта бөлінсе, 7,3 мың гектар аумақ Екібастұздағы инвестициялық жобаларға резервке алынған.