Павлодар облысында 35 елді мекен бақылауға алынды

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде сәуір айының басында күн күрт жылынады деп күтілуде. Осыған орай азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар қызметі көктемгі су тасқынына қарсы шараларды пысықтады.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Жасұлан Жұмашевтың хабарлайынша, үстіміздегі жылдың бесінші сәуірінде ауа температурасы +18 градусқа көтерілмек.

Сәйкесінше, қар күрт ери бастайды. Ал облыс аумағында топырақтың қатқан бөлігінің қалыңдығы 137 сантимерді құрайды. Ал Ақтоғай, Баянауыл, Шарбақты және Павлодар аудандарында 15 сантиметрге жетеді. Қар жерге тез сіңбейтіндіктен, топырақ бетінде су жиналып қалады. Бұл жағдайды ушықтырып жіберуі ықтимал. Осыған байланысты қауіпті деген елді мекендерге қосымша күш құрылымдары жіберілді. Бұған дейін апатты алдын алу жұмыстары жүргізілген. Мәселен, Сілеті өзенінің бетіндегі мұзды жармай, жағадан бөлу тәсілін қолдандық. Бұл нысан Ақтоғай ауданының Шолақсор ауылының тұрғындарына қауіп төндіреді, - дейді Жасұлан Жұмашев. 

Жалпы, Ертіс өңірінде су тасқыны кезеңдерінің сараптамасы бойынша 35 елді мекен бақылауға алынды. Олардың барлығы ойпат жерде орналасқан. Ауылдарда үш мыңға жуық жер үй бар. Тұрғындар саны 10 мыңнан асады. 

Су тасқыны бойынша алғашқы кезеңде Баянауыл және Май аудандарының ауылдарына қауіп төнуі ықтимал. Баянауыл ауданы бойынша қардың қалыңдығы шамамен екі сантимерді құрап отыр. Ғарыштық түсірілімнің мәліметтеріне сүйенсек, бұл мөлшер аздау. Бұған қарамастан, жұмыс күшейтілді, - дейді Жасұлан Жұмашев. 

Айта кетейік, облыста төтенше жағдай пайда болған жағдайда жедел әрекет ету мақсатында 1300 адам мен 620 техника бірлігінен құрылған күш құрылымы жасақталды. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы