Павлодар облысында 200-ден астам заңсыз қоқыс орны табылды

Павлодар облысында ғарыштық мониторингтің көмегімен рұқсат етілмеген 205 қоқыс орны табылды. Сонымен қатар, 74 полигонның шекаралары бұзылған болып шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Әсет Сыздықовтың айтуынша, стихиялық қоқыс орындарын анықтау мақсатында рейдтік шаралар өткізілген.

Павлодар өңірінің аумағында санитарлық-құрылыс талаптарына сай келмейтін 316 полигон бар. Тұрмыстық қоқыс жиналған орындарға коммуналдық мекемелер қызмет етпейді. Сондықтан экологиялық мәселе ондаған жыл бойы шешілмеуі мүмкін. Биыл ғарыштық бақылау нәтижесінде анықталған полигондардың 186-сы жойылды. Экологиялық кодекс талаптарын орындамаған жергілікті атқарушы органдар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мәселен, биыл сегіз мемлекеттік мекемеге және бес лауазымды тұлғаға қатысты шара қолданылды. Нақтырақ айтқанда, 1,4 млн теңгенің айыппұлы салынды, - дейді Әсет Сыздықов.

Мамандардың айтуынша, бейберекет қоқыс орындарының пайда болуына жергілікті әкімдіктер жол бермеуі керек. Экологиялық кодекс талаптарының бұзылуы көбінесе ауылдық жерде тіркеледі. Ал қалалық жерде бұл бағыттағы жұмыс реттелген.

Қалалық және аудандық әкімдік өкілдері қоқыс жинау орындарын ұйымдастыруы керек. Жер учаскесін бөліп, полигонды бақылап отыру керек. Бақыланбаған жағдайда тұрғындар кез келген жерге тұрмыстық қалдықтарды тастайды, - дейді департамент басшысы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы