Павлодар облысында 17 шомылу орны ашылады

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің су айдындарында қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Бір аптадан соң шомылу маусымы ашылады деп күтілуде.

Бүгінде аймақта шомылу маусымы ашлымағанына қарамастан, өзен-көлдерге түсіп жүргендер азаймай тұр. Бүгінгі күнге дейін екі жазатайым оқиға тіркелді.

Құтқарушылардың айтуынша, шомылу науқанын ашу үшін Ертіс өзені арнасына түсу керек. Қазіргі уақытта сала мамандары жағажайларды тексеріп, өзен-көлдердің түбін тазартуда. Жоспар бойынша өңірде 17 су айдынында ресми жағажайлар абаттандырылады. Басты талап - адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Павлодар қалалық төтенше жағдайлар басқармасы басшысының орынбарасы Тілекжан Галлямовтың айтуынша, аймақта стихиялық шомылу орындары жетерлік. Өзен-көлдердің табанында тастар мен ағаштар жатып қалуы мүмкін. Кей учаскелерде ағын күшті.

Қазіргі уақытта қауіпті жерлерді анықтадық. Сол орындарға ескерту белгілерін орнатып жатырмыз. Бүгінде балалардың қауіпсіздігі басты назарда. Мектеп оқушылар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар кодексінің 364-ші бабына сәйкес рұқсат етілмеген жерде шомылған адамға 5 АЕК көлемінде айыппұл салу қарастырылған. Алдымен ескерту жасаймыз, кейін жауапкершілікке тартамыз, - дейді Тілекжан Галлямов.

Айта кетейік, облыс орталығындағы жағажайларда қоғамдық құтқарушылар жұмыс істейді. Павлодардың орталық жағажайында сегіз құтқару бағанасы мен медициналық пункт ашылады.  Ертіс өзенінің жағасында сегіз және Усолка көлінде екі бекет орнатылады. Бүгінде жағалауға 620 текше құм әкелініп, арнайы киіну орындары қойылып жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы