Павлодар облысында 14 мыңға жуық гектар жер шегірткеге қарсы өңделді
Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде шегіртке зиянкестеріне қарсы өңдеу шаралары аяқталды. Биыл 14 мың гектарға жуық алқапта химиялық өңдеу жүргізілді.
Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының мәліметінше, 8 мың гектар жерде итальялық прус дернәсіліне қарсы улау жүргізілді.
Химиялық өңдеу шараларының басым бөлігі Павлодар, Аққулы және Шарбақты аудандарының ауыл шаруашылық жерлерінде жүзеге асырылды. Жалпы, өңдеу шаралары облыстың 10 ауданында қолға алынды. Улау барысында "Диурон" және "Комбат" пестицидтері қолданылды. Мердігер ұйымдар химикаттардың 732 тоннасын шашты, - дейді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Арман Шүйкенов.
Аймақта үйірлі емес шегірткелер бойынша 112 мың гектар жер тексеріліп, болжамдар жасалды. Ал итальялық прус бойынша 600 мың гектарға жуық алқап тексерілді. Қазіргі уақытта бұл бағыттағы жұмыстар аяқталуға жақын. Сала мамандарының айтуынша, биыл жаздың ыстығына қарамастан, зиянкес жәндіктер санының өсімі байқалмайды.
Айта кетейік, облыс аумағында ауыл шаруашылығы мақсатында 11 млн гектардан астам жер бар. Соңғы жылдары жатып қалған немесе қолданылмайтын алқаптарды айналысқа енгізу бойынша кешенді шаралар жүргізілуде. Мәселен, соңғы үш жылдың ішінде бос жатқан 350 мың гектар учаске шаруашылық игілігіне қайтарылды. Қазіргі уақытта пайдаға жарамаған тағы 160 мың гектер жер тіркелген.