Павлодар облысында 100-ге жуық инвестициялық жоба жүзеге асырылуда

Ертіс өңірінде 10 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 91 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Өңірдің инвестициялық әлеуетін арттыру аясында биыл 1 трлн теңге көлемінде қаржы тарту жоспарланған. Үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанында облыс эконмоикасына 180 млрд теңге тартылған.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Сағыныш Нұрқымбаевтың айтуынша, жоспарланған жобалардың жартысы қайта өңдеу саласына тиесілі.

Олардың ішінде бес ірі жоба бар. Қазіргі уақытта Екібастұз қаласында ферроқорытпа зауыты салынып жатыр. Сонымен қатар, қорғасын-мырышты аккумоляторларды қайта өңдеу жобасы аяқталу үстінде. Дайын металл өнімдерін жасау зауыты мен теміржол саласына қажет құбыр өндіру зауытын модернизациялау да жоспарланған. Жалпы, жыл басынан бері алюминий мен биметалл радиаторлар және пластикалық жиынтықтауыштар өндірісі іске қосылды. Өнім еуростандарттарға сәйкес, - дейді Сағыныш Нұрқымбаев.

Облыста «Павлодар» арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Ірі инвестициялық алаңда орналасқан инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жет учаскесі ұсынылады. Қатысушылар, сонымен қатар, кедендік және салықтық пошлинадан босатылады. Бұдан басқа жеңілдіктер де баршылық. Бүгінгі таңда арнайы эконмоикалық зонаның инвестициялық жобалар тізімінде 50 өндіріс бар. Жалпы сомасы 500 млрд теңгеден асып отыр.

Айта кетейік, ауыл шаруашылығы саласына салынған инвестиция көлемі де жыл сайын артып отыр. Соңғы екі жылда 290 млрд теңге тартылып, ел бойынша өңір екінші орынға ие болды. Алдағы екі жылда агроөнекәсіп саласына тағы 65 жоба іске қосылмақ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы