Павлодар облысы ТЖД бастығы тағайындалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовқа Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жаңадан тағайындалған бастығы генерал-майор Жасұлан Жұмашевты таныстырды.

Бұл туралы ТЖМ баспасөз қызметі хабарлады.

Жасұлан Жұмашев 1968 жылғы 22 қаңтарда дүниеге келген, Орал облысы Тайпақ ауданы Калмыков кентінің тумасы. Бұған дейін Батыс Қазақстан облысы ТЖ департаментінің бастығы қызметін атқарды. Құқық қорғау органдарында 2005 жылғы 4 наурыздан бастап қызмет етеді.

Еңбек жолын 1990 жылы Кеңес Одағының маршалы В.Д. Соколовский атындағы Новочеркасск жоғары әскери командалық Қызыл Ту байланыс училищесін, ал 2003 жылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери академиясын бітірген.

1992 жылдан 2001 жылға дейін ІІМ Ішкі әскерлерінде әртүрлі басшылық лауазымдарды атқарды. 2001-2004 жылдары Республикалық Ұлан қолбасшысының көмекшісі – тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс басқармасының бастығы болды. 2005-2011 жылдары Батыс Қазақстан және Атырау облыстары ТЖ департаменттерінің бастығы қызметін атқарды. 2014-2016 жылдары ІІМ ТЖ комитеті төрағасының орынбасары болды. 2016 жылдан бастап Батыс Қазақстан облысы ТЖ департаментінің бастығы болып жұмыс істеді.

Министр Жасұлан Жұмашевті жаңа өңірдің бастығы болып тағайындалуымен құттықтап, жаңа қызметіне табыс тіледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы