Павлодар облысы су тасқынына дайын ба?
Жақында Павлодар қаласында жауған қатты жауын-шашын салдарынан көпқабатты үйлерге су кіріп, зақым келтірген еді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Осы орайда Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысына Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановқа БАҚ өкілдері қала су тасқынына дайын емес пе? деген сауал жолдады.
Қатты жауын болғаннан кейін бізде 33 арнайы мамандандырылған техника жұмыс істеді. Тек Павлодар емес, Ақсу, Екібастұз қалаларында болды. Ол жердегі су басып кеткен үйлердің ішін арнайы мамандармен сорғыш құралдарын пайдаланып, кептірдік. Бүгінгі күні екі проблемалық көпқабатты үй бар. Қала әкімдігі толықтай айналысып жатыр. Ол жерде үйлердің төбелері ескірген. Модернизация арқылы жасалатын бағдарлама бойынша тұрғындармен жұмыс атқарылып жатыр. Биыл көпқабатты үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бірақ ол жерде тұрғындардың 100% -ының 70 %-ы келісімін беру керек. Сол келісім алу үшін дауыс беру рәсімдері жүріп жатыр, - деді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.
Еске салсақ, 7 шілдеде қатты жауын-шашынның салдарынан Павлодар қаласында ашық аумақты: жолдың жүретін бөлігін, көпқабатты тұрғын үйлердің көшелері мен аулаларын су басқанын хабарлағанбыз. Қаладағы жауын-шашын салдарын жою жұмыстары, яғни су айдау жұмыстары 8 шілдеде түстен кейін аяқталды. Жалпы қалада 3000 текше метрден астам су сорылған.