Павлодар облысы өзін-өзі 2028 жылы қамтамасыз етеді
2028 жылы Павлодар облысы өзін-өзі қамтамасыз етеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
Вице-премьер "2026–2028 жылдарға арналған республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы жалпы сипаттағы трансферттердiң көлемі туралы" заң жобасымен таныстырды.
Айтуынша, заң жаңа Бюджет кодексінде көзделген тәсілдерді ескере отырып әзірленген.
Кіріс болжамы 2026 жылға 10,7 трлн теңге, 2027 жылға – 12,1 трлн теңге, 2028 жылға – 13,3 трлн теңге көлемінде айқындалды. Жергілікті бюджеттер шығысының жалпы болжамы 2026 жылға 14,9 трлн теңге, 2027жылға –17,3 трлн теңге, 2028 жылға –18,7 трлн теңге көлемінде айқындалды. Жергілікті бюджеттердің ағымдағы шығындарының болжамды көлемі инфляцияға индекстеуді және өңірдегі мемлекеттік қызметтерді тұтынушылардың болжамды санын ескере отырып есептелген, - деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Сонымен қатар жергілікті бюджеттердің кірісі мен шығыс болжамын ескере отырып, айқындалған бюджеттік параметрлерді атады.
Алып қою көлемі 2026 жылға – 879,9 млрд теңгені, 2027 жылға – 1,1 трлн теңгені, 2028 жылға – 1,4 трлн теңгені құрады. 2026 жылға арналған субвенциялар көлемі – 5,1 трлн теңгені, 2027 жылға – 6,4 трлн теңгені, 2028 жылға – 6,8 трлн теңгені құрады. 2028 жылы Павлодар облысы өзін-өзі қамтамасыз етеді, ал Маңғыстау облысы қайтадан донор болады, - деді Ұлттық экономика министрі.