Павлодар облысы өз-өзін қырыққабатпен қамти алады
Павлодар облысының шаруалары биыл өңір халқын қырықабат және пиязбен қамтуға қауқарлы. Себебі, биыл көкөністердің алқабы ұлғайды, деп хабарлайды Павлодардағы BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінгі таңда ішкі нарықты пиязбен қамту көрсеткіші 50%-ға өскен. Ендігі мақсат – аймақты қырыққабатпен қамту. Себебі, жыл сайын еліміздің оңтүстік өңірлерінен тасымалданатын көкөніс бағасы шарықтай береді. Өңір тұрғындарын көкөніспен қамту үшін 380 гектар жерге қырыққабат егу керек.
Биыл қырыққабат пен пияз алқаптарын кеңейттік. Болжам бойынша биыл 14 мың тонна орамжапырақ жинаймыз. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 48%-ға артық көрсеткіш. Ал пияз алқаптары 54%-ға өсті. Сондықтан, ішкі нарықты біртіндеп сапалы өніммен қамтимыз, - дейді облыс әкімінің орынбасары Мейрам Өтешов.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрболат Мақашевтің мәліметінше, биыл егіс алқабы 1 млн 300 мың гектарға жеткен.
Қазіргі уақытта астық дақылдарының үлесі 60%. Ал жемістер мен көкөністердің тең жартысы жиналып, тасымалданып жатыр. Астық дақылдарының өнімділігі гектарынан 9,8 центнер. Жемістер мен көкөністің көрсеткіші - бір гектардан 300 центнер, - дейді Нұрболат Мақашев.
Ендігі мақсат – молынан жиналған өнімді дұрыс сақтау. Облыста ауыл шаруашылығы өнімдеріне арналған қоймаларды салуға инвестициялар құйылып жатыр. Айта кетейік, соңғы 2,5 жыл ішінде суармалы егістік алқаптары 40%-ға өсті, бұл өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінің дамуына оң әсер етіп келеді.