Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары тағайындалды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Есімханов Сұңғат Қуатұлы Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды. Бұған дейін ол Қазақстан Республикасының энергетика вице-министрі лауазымында қызмет етті. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Сұңғат Есімханов 1973 жылы 30 қарашада Павлодар облысында дүниеге келген. 1996 жылы С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін, 2007 жылы "Болашақ" Қарағанды өзекті білім беру институтын тәмамдаған.
Еңбек жолын 1996 жылы "Қазақстан алюминийі" АҚ-ның гидрометаллуригиялық цехында инженер болып бастады. Кәсіпорында төрт жыл еңбек еткеннен кейін мемлекеттік қызметке ауысқан. 2001-2007 жылдары табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жүйесінде лауазымды қызмет атқарған. Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Маңғыстау және Қарағанды облыстарындағы департаменттерін басқарды. 2007-2008 жылдары "Игілік групп-ХХI" ЖШС-де (Қарағанды қ.) қаржылық директор лауазымы қызметінде еңбек етті. 2008 жылы "Қаныш Сәтбаев атындағы канал" РМК-ы директорының орынбасары болып тағайындалды. Ал 2010 жылға дейін Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына жетекшілік етті. Бұдан соң, үш жыл бойы ол "Қазақэнергиясараптама" акционерлік қоғамын басқарды. 2013-2014 жылдары ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Атом және энергетика өнеркәсібі комитетінің төрағасы, 2014-2018 жылдары ҚР Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы лауазымдарын атқарды. 2018 жылдан Сұңғат Есімханов ҚР энергетика вице-министрі қызметін атқарған.
"Қазақстан Конституциясына 10 жыл" және "ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл" медальдерімен марапатталған.
Ұлан Жазылбек жұмысқа ауысуына байланысты облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметінен босатылған.