Павлодар облысы: биыл өңірге 200 мыңнан астам турист келеді
Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облысында Баянауыл курорттық зонасы, тұзды көлдер, Шалдай орманды аумағы мен Ертіс өзенінде туристер үшін қолайлы жағдай жасалмақ.
Сала мамандарының мәліметінше, аймақтың туристік кластері 8000 мыңнан астам орынмен қамтылған. Бір тәулік бойы демалуға шақталған бөлмелердің орташа бағасы 9 мың теңге шамасында болмақ. Өңірде 60-қа жуық туристік агенттік қызмет көрсетеді.
Демалыс үйлерінің барлығы алғашқы тынығушыларды қабылдап жатыр. Баянауыл ауданында 46 демалыс ошағы дайын тұр. Жаз кезеңінде бір мезетте 4700 адамды қабылдауға қауқарлы. Жасыбай көлінің жағасында 40 киіз үй тігілген этноауыл ашылады. Сонымен қатар «Жасыбай-Павлодар» және «Жасыбай-Қарағанды» бағыттары бойынша жолаушылар тасымалы ұйымдастырылады. Сонымен қатар 30-дан астам жеке кәсіпкер тұрғындарға сапылы қызмет көрсетеді. Демалыс орталығында дәріхана да жұмыс істейді, - дейді облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Ернұр Жәутікбаев.
Айта кетейік, Баянауыл демалыс зонасында 13 бағыт бойынша экскурсия жүргізіледі деп жоспарланған. Гид-жүргізушілер жеткілікті.
Өңірде демалушылар тарапынан сұраныс артып жатқандықтан, жеке инвестициялар тарапынан демалыс үйлері бой көтеріп жатыр. Көбі Жасыбай жағасында орналасқан. Сол себепті Сабындыкөл және Торайғыр көлдерінің аумағын да дамыту көзделген. Бүгінде Сабяндякөл аумағында 300-ге жуық орынға шақталған екі нысан салынып жатыр. Кәсіпкерлер 1 млрд теңгеден астам қаражат құяды. Облыстың тұзды су айдындарында да жұмыс қызу. Биыл Шарбақты ауданындағы Маралды және Аққулы ауданындағы Тұз қала көлдері де демалушыларды қабылдайды. Маралды көлінде демалыс маусымы ашылды. Инвесторлар 30 млн теңге қаражат жұмсады, - дейді басқарма басшысы.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, былтыр Павлодар облысына 130 мыңнан астам турист келіп, өңірдің көрікті жерлерін аралаған. Ал биыл олардың саны 200 мыңнан асады деп болжанып отыр. Карантиндік шектеулер шешіліп, шекаралар ашылғандықтан, шетелдіктер де келеді деген үміт бар.