Мәслихат депутаты Павлодар облысы әкімінің портретін 31 млн теңгеге сатып алған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Облыс әкімі Болат Бақауов бейнеленген картина қайырымдылық аукционында сатылған. Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлады.

Аукционның видеосы әлеуметтік желіде пайда болды. Онда кеш жүргізушілері, танымал КТК (Көңілді тапқырлар клубы) ойыншылары Тұрсынбек Қабатов пен Ярослав Мелехин облыс әкімі Болат Бақауовтың портретін саудалап жатыр. Видео картинаға 28 миллион теңге ұсынылған кезде аяқталып қалады.


Кейін желіде тағы бір видео пайда болды. Онда жүргізуші сатылған портретті қалалық мәслихаттың депутаты Гнел Акопянға ұқсас адамға тапсырып жатқан сәті түсіп қалған. 

Мен картинаны 31 миллион теңгеге сатып алдым. Бұл ақша мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған көмекке жұмсалады. Портретте кім бейнеленгені бәрібір емес пе. Мен басқаратын компания Павлодар облысында жолдарды жөндеумен айналысады. Біз нарықта 28 жыл жұмыс істеп келеміз. Картинаны Павлодарда ашылған жаңа музейге сыйға тартамын, - деді Гнел Акопян.

Айта кетейік, бұған дейін Ярослав Мелехин де бұл шараға қатысқанын растаған болатын. Оның айтуынша, ол жерде әкім портретінен басқа кітаптар, жергілікті суретшілердің картиналары мен бокс қолғаптары да болған.

Барлығы қайырымдылық аукционы аясында сатылды. Түскен ақша Павлодар облысындағы көзі нашар көретін адамдарға көмек ретінде беріледі. Негізі ол жерде түрлі бағалар болды. Ал облыс әкімі бейнеленген дәл осы портреті 31 миллион теңгеге сатылды, - дейді жүргізуші. 

Облыс әкімінің баспасөз хатшысы Ернар Сейтахметтің айтуынша, қалада 25 желтоқсан күні қайырымдылық балы өтіп, аукцион соның аясында ұйымдастырылды. 

Есімде болса, бұл картинаның бағасы 700 мың теңге. Бұл әзіл шығар. Портреттің нақты кімге сатылғанын білмеймін, - деп мәлімдеді ол. 

Оның сөзінше, ол жерде жалпы 20-ға жуық картина, "Ертіс" командасы ойыншыларының қолтаңбасы бар футбол добы, ағаштан жасалған шоқпар болған. Аукцион барысында барлығы 52,2 миллион теңге, ал картиналардан 30 миллион теңге түскен. Ал портретті аймақ басшысына Ауған соғысы ардагерлері сыйлаған. 

Әкімдіктің мәліметі бойынша, аукционнан түскен барлық қаражат Қазақ соқырлар қоғамының оқу-өндірістік кәсіпорнына жіберіледі. Олар бұған дейін әкімнен бірнеше рет көмек сұраған екен. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы