Павлодар облысында 444 отбасыға АӘК төлеу тоқтатылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодар облысында өздерінің нақты табыстарын жасыру арқылы атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) тағайындауға заңсыз қол жеткізген 444 отбасына төлемдер тоқтатылды.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Әлеуметтік көмек және әлеуметтік әріптестік бөлімінің басшысы Майгүл Рахымжанова Павлодар облысы тұрғындарының әлеуметтік қызмет қызметкерлерін алдау фактілері туралы хабарлады. Оның айтуынша, АӘК тағайындау кезінде ең көп таралған бұзушылық нақты табыстарды жасыру болып табылады.

«Мәселен, Май ауданы Қаратерек ауылында тұратын 6 адамнан тұратын отбасы 2019 жылдың сәуір айында АӘК тағайындауға өтініш берген. Отбасына 105 мың 843 теңге көлемінде АӘК тағайындалды. Қосымша тексеру кезінде біздің басқарманың күшімен отбасының нақты табысын жасырғаны анықталды. Қайта есептеу нәтижесінде отбасына АӘК төлеуден бас тартылды», – деді Майгүл Рахымжанова.

Естеріңізге сала кетейік, АӘК тағайындау мен төлеудің дұрыстығын бақылау нәтижесінде 72 мыңнан астам атаулы әлеуметтік көмек алушылар табысы туралы жалған ақпарат бергені анықталды.

Осыған байланысты Министрлік әкімдіктермен бірлесе отырып, әрбір анықталған факті бойынша, бұзушылықтарға жол бермеу және «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» ҚР Заңын бұзуда заңсыз тағайындалған төлемдерді қайта қарау бойынша жекелеген жұмыс жүргізуде. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.

Ағымдағы жылғы 15 тамыздағы жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмекпен 1,8 млн қазақстандық қамтылған. Жәрдемақы алушылардың ең көбі саны Түркістан облысында – 498,7 мың адам, Алматы облысында – 225,4 мың адам, Шымкент қаласында – 216,3 мың адам тұрады. Ағымдағы жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 103 млрд теңге көлемінде АӘК төленді. Бір отбасына төлемнің орташа мөлшері айына 86 мың теңгені құрап отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы