Павлодар облыстық жедел жәрдем станциясы қосымша бригадаларды іске қосты

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Карантин кезінде облыстық жедел жәрдем станциясы қосымша бригадаларды іске қосты.

Ертіс өңіріндегі карантин режимінде жедел жәрдем қызметінің дәрігерлеріне де жауапкершілік артты. Соңғы уақытта станцияға түсетін шақыртулардың саны 1,5 есеге көбейген. Мамандардың мәліметінше, бір тәулікте 1800-ге жуық қоңырау түседі. Басқаша айтқанда, кей күндері тұрғындар тарапынан 30 секунд сайын өтініш қабылданып. Ақпарат 2 минуттың ішінде өңделіп, бригадалар айтылған мекенжейға аттанады.

Медицина мекемесі бас дәрігерінің орынбасары Ирина Мищенконың айтуынша, бригадалар ғимаратқа кірмек бұрын дезинфекциялық шараларды өтулері керек. Өңірде төтенше жағдай жарияланғалы бері станцияның ішінде дезинфекциялық өту бекеттері орнатылған.

Әр бригада жеке қорғаныс заттарымен қамтылды. Қызмет көрсетуге шығатын әр топқа қорғаныс заттарының 4-5 данасы беріледі. Қазіргі уақытта біз қосымша бригадаларды да іске қостық. Себебі, сұраныс артты. Бүгінгі таңда станцияды жұмыс істейтін ақ желеңділердің басым бөлігі - жастар. Сын сағатта олар қосымша жұмысқа келісті, - дейді Ирина Мищенко.

Төтенше жағдай режимінде 70 бригада күнбе күн жұмысқа шығады. Яғни, 200-ден астам дәрігер шұғыл медициналық көмек көрсетеді.

Қуантарлығы, қазіргі уақытта 200-ге жуық маман жалақыларына үстемеақы алған. Олар да "алдыңғы шепте" аянбай еңбек етіп жатқан дәрігерлердің қатарында.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мамандарының хабарлауынша, өңірде карантин кезінде күшейтілген режимде 636 дәрігер жұмыс істеп жатыр. Олар инфекциялық госпитальдердің жанында еңбек етуде. Сала мамандарын қолдау мақсатында жалақыларына қосымша ретінде үстеме беруге облыстық бюджеттен 118 млн теңге бөлінген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы