Павлодар облыстық полиция департаментінде 301 қызметкер қысқартылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасы шеңберінде олардың барлығы басқа орындарға жұмысқа орналастырылған. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайтында хабарланды.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров айтты.
«2019-2021 жылдарға арналған ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасын жүзеге асыру іс-шаралары келесі бағыттардағы міндеттерді шешуге арналған. Қазіргі таңда аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында бірқатар жұмыс атқарылды. Сараптама жүргізудің нәтижесінде департаменттің ұйымдастыру-штаттық құрылымы оңтайландырылды. 100 мың тұрғынға есептелген полиция саны қысқартылып, орташа еуропалық деңгейге жетті. 301 қызметкер немесе 10 пайызы қысқартылды. Оның 20-сы басқару құрылымынан және үш құрылымдық бөлімше», - дейді Жасқайрат Қайыров.
Спикердің айтуынша, жол-патрульдік полиция патрульдік полициясы болып құрылды. Оның сержанттық құрамын офицерлік құрамға ауыстыру кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Қазіргі таңда 316 лауазым офицерлік болып есептеледі және 2020 жылы 130 лауазымды ауыстыру жоспарланып отыр.
2019 жылдың 1 шілдесінен бастап қызметкерлердің лауазымдық еңбекақылары дифференциалды түрде ұлғайтылған. Бұған дейін жедел тергеу бөлімешелері ғана тұрғын үйді жалға алғаны үшін өтемақыға ие болса, қазіргі таңда оған патрульдік полиция учаскелік инспекторлар мен кәмелекете толмағандардың ісі жөніндегі инспекторлар кіреді.
«Егер полиция органына келген қызметкер бұған дейін 60-65 мың теңге алса, бүгінгі таңда 90-95 мың теңгеге артты. Бұл жерде еңбек өтілі, кәсіби дайындығы мен білімі ескеріледі. Аттестаттаудан басқа, кәсіби жарамдылығы мен физикалық дайындығы бойынша әр жарты жыл сайын сынақ пен емтихан тапсырамыз. Бұл жағдай оған І немесе ІІІ класс беру бойынша еңбекақысына әсер етеді. 20 жылдан астам еңбек еткен сержанттық құрам 125 мың теңге алады. Басқарма басшыларының жалақысы 305 мың теңгеге дейін барады. Қазіргі таңда облыс бойынша ішкі істер органдарында 2750 адам қызмет етеді», - дейді Жасқайрат Қайыров.