Павлодар мұнай-химия зауыты сатыла ма?
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Павлодар мұнай-химия зауытын сату туралы тараған ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазіргі таңда Үкімет деңгейінде мұндай келіссөздер жүргізіліп жатқан жоқ. Кейбір сарапшылар мемлекеттік активтер «арзанға сатылуы мүмкін» деп айтып жатады, алайда бұл қоғамды адастырады, – деді министр брифинг барысында.
Оның айтуынша, мемлекет мұнай өңдеу зауыттарын сатуды жоспарлап отырған жоқ.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі өз құзыреті аясында бұл активтерді жекешелендіру картасына енгізді. Агенттік бүгінгі таңда мұнай өңдеу секторының түгелге жуығы мемлекет қолында шоғырланғанын көріп отыр. Ал агенттіктің негізгі міндеті – бәсекелестікті дамыту. Сондықтан олар экономиканың әртүрлі салаларында әділ бәсекенің қалыптасуына жағдай жасауға ұмтылады.
Алайда бұл мемлекет міндетті түрде сатады дегенді білдірмейді. Тіпті болашақта қандай да бір сату мәселесі көтерілген күннің өзінде, оның «арзанға» жүзеге асуы мүмкін емес, – деді Ерлан Ақкенженов.
Министрдің айтуынша, мұнай өңдеу зауыттары бүгінде табысты кәсіпорындар саналады.
Қазіргі таңда мұнай өңдеу зауыттары – жоғары табыс әкелетін нысандар. Олар акционерлеріне, нақты айтқанда "ҚазМұнайГаз" компаниясына тұрақты кіріс түсіріп отыр, – деп түйіндеді ол.