Павлодар мұнай-химия зауыты бір ай жөндеуге жабылды
ПМХЗ өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы заңнама талаптарына сәйкес «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС-де жоспарлы күрделі жөндеу жұмысын бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жұмыс кестесін Энергетика министрлігі бекітті, ол бойынша 2023 жылдың 20 маусымы мен 19 шілдесі аралығында Павлодар мұнай-химия зауытының жұмысы уақытша тоқтайды.
Кәсіпорында күрделі жөндеу кезінде жүргізілетін жұмыстың негізгі бөлігіне технологиялық жабдықтардың (құбырлар, пештер, бу құбырлары және т.б.) өнеркәсіптік қауіпсіздігін техникалық тұрғыдан куәландыру, жөндеу және сараптау кіреді. «Азаматтық қорғау туралы» Заңы мен саладағы қолданыстағы нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес, жоғарыда аталған жұмыстарды орындау кезінде зауыттың технологиялық объектілерін пайдалануды толық тоқтату талап етіледі, - делінген хабарламада.
Зауыт жұмысы тоқтайтын кезеңге бензин мен дизель отынының қоры жеткілікті мөлшерде жинақталған (тиісінше 37 мың және 47 мың тонна). Бұл көлем кәсіпорынды жөндеу кезінде өнімді бірқалыпты жөнелтіп отыруға мүмкіндік береді.
ҚМГ мұнай өңдеу зауыттарында 2023 жылы жоспарлы-алдын алу жөндеу жұмыстарын жүргізу мерзімдері зауыттардың технологиялық қуатындағы ерекшеліктері мен Қазақстанның ішкі нарығындағы мұнай өнімдерінің балансын ескере отырып жоспарланды. Кестеге сәйкес, бұған дейін 2023 жылы 15 наурыз бен 7 сәуір аралығында Шымкент мұнай өңдеу зауытында («ПҚОП» ЖШС) жөндеу жұмыстары жүргізілді.