Павлодар мектептерінде өрескел заңбұзушылықтар анықталды
Павлодарлық прокурорлар орта білім беру мектептерін тексеру кезінде өрескел заңбұзушылықтарды анықтаған, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Тексеріс барысында облыс орталығындағы мектеп директорларының бірі бюджеттік қаражаттың 2,5 млн теңгесін жымқырғаны анықталды. Мекеме басшысы жұмыскерді жалған еңбек орнына орналастырып, оңай олжа тапқан.
Павлодар қаласы прокурорының орынбасары Ержан Досымжановтың айтуынша, тексеріс облыс орталығындағы мектептерде жүргізілген.
Орта мектеп басшысы осылайша мемлекетке материалдық шығын келтірген. Бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Іс материалдары сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдарға да жолданды. Бұдан басқа да заңбұзушылықтарды анықтап отырмыз. Нақтырақ айтқанда, павлодарлық мектептердің кейбіреулерін бейнебақылау камераларымен жеткілікті деңгейде қамтамасыз етпеу фактілері белгілі болды. Жазба құралдары облыстық полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылмаған болып шықты. Бейнематериалдарды сақтау мұрағаты да жоқ екені анықталды, - дейді ол.
Прокурорлардың хабарлауынша, олқылықтарға "Смарт сити Павлодар" жобасы жүзеге асыру шеңберінде жол берілген. Жоба өткен жылы аяқталу қажет еді, бірақ, тасымалдаушы кәсіпорынның салғырттығынан жөнді түзу іске аспай қалыпты. Тасымалдаушы ұйым міндеттерін де орындамады.
Еске сала кетсек, аталған жоба аясында бюджеттен 1,1 млрд теңге бөлінген. Бағдарлама бойынша қаланың мектептері және көшелерінде 5 мың жаңа бейнекамера орнату жоспарланған. Мамандар бұл шаралар халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жол-көлік оқиғаларын 19%-ға азайтып, қылмыстарды ашу деңгейін арттырады деп пайымдаған.