Павлодар клубы тарихи жетістікке қол жеткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Ақсу» футбол клубы Бірінші лигадағы тұңғыш жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлады Pavlodarnews.kz.

Қазақстан Бірінші лигасының екінші турында «Ақсу» Шымкентте жергілікті «Академия Оңтүстікпен» кездесіп, 1:0 есебімен жеңіске жетті.

Ақсулықтар матчтың басында-ақ есеп ашты. Ойынның жетінші минутында Изат Құлжанов бұрыштамадан кейін допқа иелік етіп, қапталдағы қорғаушыдан оңай сытылып өтіп, қақпаға соққы бағыттады. «Академия Оңтүстік» голкипері соққыны қайтарамын деп допты тура Владислав Чернышовтың аяғына салып берді – ол болса, оңтүстіктіктерді аямады – 0:1.

Әрі қарай ақсулықтар өз қақпасын аман алып қалып, матчты өз пайдасына шеше білді. Соның арқасында биыл ғана Бірінші лигаға жолдама алған «Ақсу» екінші деңгейлі дивизиондағы тұңғыш жеңісіне жетті.

Осы нәтиже төрт ұпай жинаған «Ақсуды» турнир кестесіндегі бесінші орынға жетеледі.

«Екібастұз» болса, тағы да жанкүйерлерін жерге қаратты. Осы жолы Павлодарда шымкенттік «Қыранды» қабылдаған кеншілер 3:1 есебімен есе жіберді. Екібастұздықтар сапында пенальтиден мергендік танытқан – Арман Смайылов.

Қызықтың көкесі Бірінші лиганың келесі турында болмақ: үшінші ойынкүні «Ақсу» мен «Екібастұз» өзара Павлодар облысының дербиінде кездеседі. Бұл ойын 26 сәуірде Павлодарда Орталық стадионда өтеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы