Павлодарлық дәрігерлер денсаулық күнін атап өтті
Павлодар. BAQ.KZ тілшісі. Дүниежүзілік денсаулық күніне орай аймақтағы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мамандары далаға шығып, жұртшылықты салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Басты мақсат – жұртшылық назарын денсаулық саласындағы көкейтесті мәселелерге аудару.
Сала мамандары ұлт саулығын сақтау үшін қарапайым медициналық тексерістерден өтудің өзі жеткілікті екенін айтады. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» өңірдегі филиалының директоры Айдар Ситказиновтың айтуынша, бүгінде тегін кепілдендірілген медициналық көмек көлемі аясында тегін медициналық көмекті мемлекеттік мекемелерде ғана емес, жекеменшік ұйымдарда да алуға болады.
«Биыл мемлекеттік тапсырыс бойынша 64 медициналық ұйым жұмыс істейді, оның 31-і - жекеменшік. Өткен жылмен салыстырғанда жеке клиникалардың саны бес ұйымға артты», - дейді Айдар Ситказинов.
Ресми статистикаға сүйенсек, былтырғы жылы елімізде негізгі аурулардан 19,3 мың адам көз жұмған. Оның 7,5 мыңға жуығы еңбекке қабілетті жастағы азаматтар болып шықты. Павлодар облысында өткен жылғы көрсеткіш бойынша 5 ауру түрі бойынша өлім-жітім саны алдыңғы қатарда.
«Онкологиялық сырқаттардан – 1912, қан айналымы жүйесінің ауруларынан – 1433, ас қорыту жүйесі ауруларынан – 805, түрлі оқыс оқиғалар, улану мен жарақат салдарынан 712 және тыныс жолдары ауруларынан 463 адам қайтыс болған. Ал 2,9 млн. адам жыл сайын ауруханада ем қабылдайды екен. Олардың басым бөлігі, яғни, 70%-ы - ауруханаға шұғыл жататындар қатарынан. Бір сөзбен айтқанда, ел азаматтары өмірлеріне қауіп төнген кезде ғана дәрігерге қаралады. Бұл үрдісті болдырмау үшін мамандар алдын алу тексерістерін жүгізуге шақырады.
«Мұндай жағдайда науқастың тегін негізгі көмектен бөлек, бағасы қымбат процедуралардың ақысын қалтасынан төлеуге мәжбүр болып жатады. Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде тегін көрсетілетін, шығыны аз диагностикалық процедуралардың көмегімен мұның алдын алуға болады», - дейді мамандар.
Мәселен, биыл жылы Павлодар облысының денсаулық сақтау саласын қаржыландыруға республикалық бюджеттен 39 млрд. теңге бөлінді. Оның 12,7 млрд теңгесі емханалық-амбулаторлық көмекке жұмсалып, профилактикалық іс-шараларға жұмсалмақ.