Павлодарға кірмек болған 200 көлік кері қайтарылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Карантинге жабылған Павлодар қаласында қоғамдық көліктер жұмысын тоқтатты, деп хабарлайды "Хабар 24".
Ал автобус жүргізушілерінің басым бөлігі ірі кәсіпорындардың жұмысшыларын тасымалдауға жұмылдырылып отыр. Қаладағы барлық банк онлайн-режимде қызмет көрсетуге көшті. Бұл туралы Павлодар қаласының әкімі Қайрат Нүкенов мәлімдеді.
Өңірде тез тарайтын қауіпті індетке тосқауыл қою үшін осындай шектеу шаралары қолға алынды. Әсіресе, жасы үлкен адамдардың үйден шықпағаны абзал. Оларға қажетті заттарын жеткізіп беретін қызмет іске қосылған. Карантиннің бірінші күні волонтерлер 80 зейнеткерге азық-түлік жеткізіп берді. Аймақта азық-түліктен тапшылық жоқ.
Айта кетерлігі, қауіпті індетпен күресіп жатқан дәрігерлердің жағдайын жақсартуға баса мән беріледі. Шаһар басшысының айтуынша, облыс орталығындағы бірнеше қонақ үймен келісім жасалған. Аурудың ошағында жүрген дәрігерлерге отбасының қауіпсіздігі үшін оқшау өмір сүруге тура келеді. Ал қала маңында орналасқан блок-бекеттерде жұмыс қыза түскен.
Біз түстен кейін блок-бекеттерде бақылауды күшейттік. Қалаға кіре берістерде орналасқан 5 блок-бекеттен 200 көлік кері қайтарылды. Себебі олардың қолында карантинге жабылған қалаға кіру құжаттары жоқ болып шықты. Мен тұрғындарға бұл жұмыстардың ертеңнен бастап күшейе түсетінін ескерткім келеді, - деп мәлім еткен өз сөзінде қала әкімі Қайрат Нүкенов.