Патриоттарды тәрбиелеу – мемлекеттің маңызды міндеті
Қорғаныс министрлігінде «Азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеу қағидаларын бекіту туралы» Үкімет қаулысын іске асыру тәртібі бойынша ведомствоаралық кеңес өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бейнеконференцбайланыс арқылы өткен шараға мүдделі мемлекеттік органдардың, күштік құрылымдардың, қалалар мен облыстар әкімдерінің өкілдері қатысты. Кеңеске одан бөлек Қорғаныс министрлігінің құрылымдық бөлімшелерінің бастықтары, Қарулы күштер түрлері бас қолбасшыларының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасарлары да тартылды.
Кеңесті ашқан Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов қазіргі қоғам мен армия дамуының кезеңінде мемлекеттік идеологияның маңызды екенін атап өтті. Сондықтан Қорғаныс министрлігі бейінді ведомстволармен бірлесіп азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеу қағидаларын әзірледі.
Мектепке дейінгі білім беруден бастап жоғары оқу орындарына дейінгі аралықта азаматтарды жалпыға бірдей патриоттық тәрбиелеу жүйесін енгізу қажеттілігі туындап отыр. Қазіргі жағдайда әскери-патриоттық тәрбиені қазақстандық патриотизмнің ажырамас бөлігі ретінде жүйелі жұмыс процесін кеңейту қажет, – деп атап өтті генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов.
Қорғаныс министрлігінің тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы генерал-майор Серік Борамбаев өз баяндамасында әскери-патриоттық тәрбие іс-шараларын жоспарлау және қызметтің негізгі бағыттары туралы сөз қозғады.
Аталған ережеде әскери-патриоттық жұмыс үш бағытта жүргізілуі тиіс екені нақтыланды. Олардың біріншісі оқу орындарындағы осы бағытты жалпы дамыту. Екіншісі – әскери және әскери-қолданбалы практикалық сабақтар түрінде, жастарды әскердің тыныс-тіршілігімен және қызметімен, әскери қызметшілердің қызметі мен тұрмысының ерекшеліктерімен таныстыру. Жұмыстың үшінші бағыты әскери-патриоттық лагерлерде, түрлі слеттер мен фестивальдарда ұйымдастырылады. Осындай шаралардың барлығын іске асыру үшін білім беру ұйымдары, орталық мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдар мен барлық күштік ведомстволар арасында тығыз өзара іс-қимыл ұйымдастырылуы тиіс, – деді генерал-майор Серік Борамбаев.
Бұдан басқа, әскери-патриоттық бағыттағы іс-шараларға ғылым және мәдениет қайраткерлерін, Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың ардагерлерін тарту қажет. Әскери-патриоттық тақырыптар телевизиялық бағдарламаларда, мерзімді басылымдарда және жарияланған әдебиеттерде де болуы керек.
Кеңес барысында қызметтің осы бағытында жетістіктерге жеткен Жетісу және Қостанай облыстары әкімдіктерінің өкілдері әскери-патриоттық жұмысты ұйымдастыру тәжірибесімен бөлісті. Биыл «Жетісу тарландары» әскери-патриоттық клубы әскери-далалық тактикалық ойынның абсолютті жеңімпазы атанып, «Айбын» республикалық жастар жиынында бірінші орынды иеленді.
Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы күштері және Әскери-теңіз күштері бас қолбасшыларының орынбасарлары да өтікізіліп жатқан шаралары жайлы баяндады.
Кеңеске қатысушылар тығыз бірлескен жұмыс жас жігіттерді әскери қызметке даярлау және әскери-кәсіптік бағдарлау мәселелерін шешеді деген байламға келді. Мақсатты қызмет жастардың әскери борышын орындауға дайындығын, қоғам мен мемлекет үшін пайдалы болуға деген ұмтылысын қалыптастыруға ықпал ететін болады.