Пәтерлерді аралап, құжат тексеріп жүргендер кімдер? – ІІМ жауап берді
ІІМ азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және тексерілмеген мәліметтерді таратпауға шақырды.
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде өздерін ішкі істер органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтардың жеке құжаттарын тексеру және биометриялық деректерін жинау мақсатында пәтерлерді аралап жүрген адамдар туралы ақпарат тарады.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі бұл хабарламаның шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, мұндай ақпарат бұған дейін де әлеуметтік желілерде тарап, полиция тарапынан жоққа шығарылған.
ІІМ азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және тексерілмеген мәліметтерді таратпауға шақырды.
«Әлеуметтік желілерді немесе ақпараттық-коммуникациялық желілерді пайдалана отырып, көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін заңнамада жауапкершілік көзделген. Тек ресми дереккөздерге сеніңіздер», – деп хабарлады министрлік.
Ведомство жалған ақпараттың таралуына жол бермеу үшін азаматтарды ақпараттың анықтығына көз жеткізуге шақырды.