11 Наурыз 2026, 17:16
Фото: pexels.com
Пәтерінде алып питон ұстаған атыраулық әйел жауапқа тартылды
3,5 метрлік питон: Атырауда әйел үйінде алып жылан ұстаған.
Атырауда пәтерінде алып питон ұстаған әйел жауапқа тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында құқық бұзушы Д.-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды.
Сотпен анықталғандай, азаматша Д. өзінің пәтерінде үй жағдайында салмағы 30 кг, ұзындығы 3-3,5 метр питон жыланын CITES талаптарына сәйкес рұқсат құжатсыз ұстаған.
Сот қаулысымен Д. әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған әкімшілік жаза ретінде 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынып, жасалған құқық бұзушылықтың сипаты, жеке басы ескеріле отырып, айыппұл сомасы 30%, яғни 30 275 теңгеге қысқартылды.
Питон жыланы мемлекет кірісіне тәркіленді, - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Қонаевта азық-түлік дүкеніне жылан кіріп кеткен еді.