Пәтерге терезеден кірген: Алматы облысында ұрлық жасағандар ұсталды
Ұрлық жасағандар арасында 14 және 17 жастағы жасөспірімдер де болған. Қаскөйлер жалпы сомасы 21 миллион теңгеден асатын шығын келтірген.
Ішкі істер министрлігі пәтер ұрлықтарына қарсы күресті негізгі бағыттардың бірі ретінде атап өтеді. Соның аясында Алматы облысында бірқатар қылмыстық топтардың әрекеті әшкереленді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2025 жылдың желтоқсан айынан бері пластикалық терезелерді күшпен ашу арқылы ұрлық жасаған күдіктілер ұсталды. Қаскөйлер тұрғын үйлерден алтын бұйымдар, ақша және өзге де құнды заттарды қолды етіп, жалпы сомасы 21 миллион теңгеден асатын шығын келтірген, - дейді ІІМ.
Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде 20 наурыз күні күдіктілер қолға түсіп, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олардың кемінде тоғыз пәтер ұрлығына қатысы бары анықталған.
Сонымен қатар наурызда үш ұрлық дерегіне қатысы бар тағы бір қылмыстық топ ұсталғаны айтылды.
Бұл топтың арасында 14 және 17 жастағы жасөспірімдердің болғаны белгілі болды, - делінген хабарламада.
ІІМ азаматтарды мүлікті қорғау үшін қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады. Атап айтқанда, сапалы құлып орнату, төменгі және жоғарғы қабаттағы терезелерге қорғаныс торларын қою, дабыл жүйелері мен бейнебақылау құралдарын пайдалану, сондай-ақ әлеуметтік желілерде құнды заттар туралы ақпаратты жарияламау ұсынылады.