Пәтердің жалға алу бағасын өсіргендерді заңмен жазалауға болады – Әділет министрлігі
Әділет министрлігі тұрғын үйді жалға алу бағасының өсуіне қатысты біршама мәселені түсіндірді, деп хабарлайды, BAQ.KZ.
Министрліктің мәліметінше, азаматтық заңнамада шарттарды, оның ішінде мүліктік жалдау шарттарын жасасудың, өзгертудің және бұзудың жалпы талаптары белгіленген.
Мүліктік жалдау шартының барлық елеулі талаптарын, оның ішінде жалдау құнын, мерзімін тараптар өзара келісім бойынша дербес айқындайды.
Тұрғын үйді жалдау шарты жазбаша түрде жасалады.
Шарттың барлық елеулі талаптары, сондай-ақ оларды өзгерту тәртібі алдын ала айқындалуы тиіс. Жалға берушінің бастамасы бойынша шартты біржақты тәртіппен бұзуға заңда айқындалған жағдайларда ғана жол беріледі. Егер жалға беруші жалға алушыға жалдау ақысын көбейтуді міндеттесе, мұндай өзгеріс шартта белгіленген тәртіппен ғана жүзеге асырылуы мүмкін, – дейді министрлік.
Егер жалға беруші шарттың талаптарын біржақты тәртіппен өзгерткен болса, оның ішінде тұрғын үйді жалға алу бағасын көтерген және шартты мерзімінен бұрын бұзған жағдайда, шарт ауызша нысанда жасалған болса да, бұл мәселелер сот тәртібімен шешілуге тиіс.
Жылжымайтын мүлікті жалға беру кәсіпкерлік қызмет болып табылады. Тұрғын үйді заңсыз жалға бергені және салық төлеуден жалтарғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған (ӘҚБтК-нің 463-бабы 15 АЕК-тен бастап). Жеке кәсіпкер ретінде тіркелу үшін екінші деңгейлі банктер негізінде жасалған әртүрлі қосымшаларды пайдалануға болады, - делінген хабарламада.
Сондай-ақ тұрғын үйді жалға алу мәселелері бойынша заң кеңесін алу үшін Сіз «119» нөмірі бойынша Әділет министрлігінің тәулік бойы тегін құқықтық ақпараттық қызметіне, сондай-ақ өңірлік адвокаттар алқалары мен заң консультанттары палаталарына жүгінуге болады.