Пәтер жалдау бағасы: Қазақстан әлемдік рейтингте қай орында тұр?

Елімізде пәтерді жалға алу бағасы 8%-ға өскен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі finprom.kz сайтына сілтеме жасап.

Былтыр желтоқсан айының қорытындысы бойынша Қазақстанда пәтер жалдау бағасы бір айда 1,1%-ға, ал жылдық есепте 7,9%-ға өсті. 2024 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында пәтерді жалдау бағасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,2%-ға қымбаттаған.

Елдің ірі қалалары арасында желтоқсанда бағаның айтарлықтай өсуі Астанада (6,1%-ға), Ақтөбеде (5,3%-ға) және Талдықорғанда (4,2%-ға) тіркелді. Ал Атырау, Қарағанды, Қызылорда және Түркістанда баға қараша айының деңгейінде қалды. Кейбір қалаларда пәтер жалдау арзандаған. Олар: Алматы, Шымкент және Өскеменде – 0,9%-ға, Қонаевта – 1,8%-ға, Ақтауда – 2,1%-ға, Оралда – 2,2%-ға төмендеген.

Жылдық динамика бойынша бағаның ең үлкен өсімі Талдықорғанда (26,6%-ға), Астанада (25,8%-ға) және Шымкентте (18,6%-ға) байқалды. Атырауда баға өткен жылдың деңгейінде қалса, Алматыда және Түркістанда жалдау ақысы тиісінше 0,3%-ға және 1%-ға арзандаған.

2024 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында бағаның ең көп жылдық өсуі Талдықорғанда (21,8%-ға), ең аз өсімі Павлодарда (0,7%-ға) тіркелді. Сонымен қатар, үш қалада жалдау ақысы арзандаған: Алматыда – 0,6%-ға, Түркістанда – 1,8%-ға, Ақтөбеде – 4,8%-ға.

Әлемдік сарапшылар не дейді?

Numbeo дерегінше, 16 қаңтардағы есепке сәйкес Қазақстанда қала орталығынан тыс орналасқан бір бөлмелі пәтердің жалдау құны орташа есеппен 307,5 АҚШ долларын, ал орталықта – 467,7 АҚШ доллар. Бірінші көрсеткіш бойынша Қазақстан әлемде 97 елдің ішінде 63-орында, ал екінші көрсеткіш бойынша 56-орында тұр.

Пәтерді жалдау ақысы өте қымбат елдер қатарына Сингапур, Гонконг және Швейцария кіреді. Ал ең арзан пәтерлері барлар – Бангладеш, Пәкістан және Непал.

Қазақстаннан қарағанда Армения, Молдова және Өзбекстанда елдерінде бір бөлмелі пәтерді жалдау құны арзан. Бірақ Қазақстандағы құн Беларусь, Ресей, Украина және Әзербайжанмен салыстырғанда арзан.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы