Пәтер ауыстырарда сақ болыңыз: Ақтөбеде 17 тұрғын алаяққа алданып қалды
Ақтөбеде 17 тұрғынды алдаған күдіктіге қатысты тергеу жүргізілуде.
Ақтөбе қаласы Полиция басқармасы 46 жастағы қала тұрғынына қатысты алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.
Тергеу барысында күдіктінің өзіне тиесілі үш бөлмелі пәтерді ауданы кіші пәтерге үстеме ақымен айырбастау туралы хабарландыру жариялағаны анықталды. Осы ұсынысқа қызығушылық танытқан азаматтардан ол үстеме ақы ретінде ақша алып, кейін байланысқа шықпай, келісім бойынша міндеттемелерін орындамаған.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, 2025 жылдың соңынан бері күдікті осындай жолмен Ақтөбе қаласының 17 тұрғынын алдаған. Заңсыз жолмен алған ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша алаяқтық бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Істің барлық мән-жайы анықталып, күдіктінің өзге де осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде, - деп хабарлады Ақтөбе облысының ПД баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Павлодарда демалушылардан заңсыз ақша жинаған жағажайлар анықталды.