Патент режимін қолданатын жеке кәсіпкерлердің патент мерзімі қашан аяқталады?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) патент негізіндегі арнаулы салық режимін қолданатын жеке кәсіпкерлер үшін салық кезеңі күнтізбелік жыл болып саналатынын еске салады. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
Патент режимін қолданатын жеке кәсіпкерлердің қолданыстағы патенттерінің мерзімі 2020 жылдың 31 желтоқсанында аяқталады. Осыған орай, МКК мұндай салық төлеушілерге 2021 жылға арналған патент құнының есебін алдын ала қамдауға кеңес береді.
Сондай-ақ, такси қызметі, автомобиль көлігімен жүк тасымалдау, шаштараз қызметтері, маникюр және педикюр, сылақ жұмыстары, ағаш ұстасы жұмыстары, едендерді жабу және қабырғаларды қаптау бойынша жұмыстар, сырлау және шыны жұмыстары, сыйақы үшін немесе шарт негізінде жылжымайтын мүлікті басқару, фотография саласындағы қызмет, аударма (ауызша және жазбаша) ісі, мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру, оның ішінде: құралдарын жалға беру, ойын-сауық және спорт мүкәммалын жалға беру және мүліктік жалдау (жалға алу), бейнежазбалар мен дискілерді жалға беру, жеке тұтынатын өзге де заттар мен тұрмыстық тауарларды жалға беру және мүліктік жалдау (жалға алу) сияқты қызмет түрлерін жүзеге асырғанда, жеке кәсіпкерлер патент негізіндегі арнаулы салық режимін қолдана алады, - делінген ақпаратта.
Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлердің ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдығын мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру, есептеу техникасын қоса алғанда, кеңсе машиналары мен жабдықтарын мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру, спорттық білім беру және бос уақытты ұйымдастыру мамандарының білім беру саласындағы көрсетілетін қызметтер, мәдениет саласындағы білім, қосалқы білім беру қызметтері, өнер саласындағы қызмет, компьютерлер мен перифериялық жабдықтарды жөндеу, коммуникациялық жабдықтарды жөндеу, жеке тұтыну заттарын және тұрмыстық тауарларды жөндеу, ветеринариялық қызметтер, жер учаскелерін өңдеу бойынша қызметтер, тұрғын үй-жайларды жинау және үй шаруашылығын жүргізу бойынша қызметтер, базарларда, вокзалдарда кірушілер қызметтері, музыкалық аспаптарды жасау және жөндеу сияқты қызмет түрлерін бастағанда да арнаулы салық режимін пайдалана алады.
Айта кетейік, 2021 жылы айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 2778 теңгені құрайды.