24 Тамыз 2026, 20:45 Фото: Ақорда

Пашинян Тоқаевты Құрылтай сайлауының табысты өтуімен құттықтады

Мемлекет басшысы Армения Премьер-министрі Никол Пашинянмен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Армения Премьер-министрі Никол Пашинян Қасым-Жомарт Тоқаевты бір палаталы Құрылтай сайлауының табысты өтуімен құттықтап, аталған оқиғаның Қазақстан үшін тарихи маңызы зор екенін атап өтті.

Президент Премьер-министрге жылы лебізі және халықаралық байқаушылар миссиясы құрамында Армения өкілдерінің сайлауға белсене қатысқаны үшін ризашылығын білдірді.

Әңгімелесу барысында бірлескен сауда-экономикалық және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға баса назар аударылып, екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективасы талқыланды.

Бұған дейін Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевты Құрылтай сайлауының сәтті өтуімен құттықтады.

Одан кейін Сербия президенті Александр Вучич Қасым-Жомарт Тоқаевты Құрылтай сайлауының сәтті өтуімен құттықтап, Президент реформалары азаматтардың жоғары қолдауына ие болғанын атап өтті.