Пашинян: Қазақстан – Армения үшін үлгі ел
Армения Премьер-министрі Никол Пашинян Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуінде армяндардың қазақ халқына деген сыйластығы ерекше екенін айтып, Қазақстан Армения үшін үлгі ел екенін жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл - біздің қарым-қатынасымызды стратегиялық серіктестік деңгейіне дейін жалғастыруға мүмкіндік беретін бірден-бір сапар. Сондай-ақ барлық салаға, саяси диалог, экономикалық, сауда байланыстары мен гуманитарлық ынтымақтастыққа жаңа серпін беретін кездесу, - деді Пашинян.
Сөзінше, бүгін Астанада армян әліпбиінің авторы Месроп Маштоц атындағы көше ашылған. Пашинян мұны армян халқына көрсетілген құрмет деп бағалады.
Дамушы ел және өзінің нақты мысалдары бар ел ретінде Қазақстанды Армения үшін үлгі боларлық ел деп айта аламыз. Біздің халқымыз қазақ халқын қатты сыйлайды. Бұл құрмет біздің қарым-қатынасымызды дамытудың негізі, - деп айтты Армения Премьер-министрі.
Оның сөзінше, бүгін екі елдің байланысын одан әрі дамытуға, айқындауға мүмкіндік туып отыр.
Аймақтық деңгейдегі өзгерістер бізге экономикалық ынтымақтастыққа және транспорттық мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл мүмкіндіктер көзге көрінетін нәтиже алып келеді деп ойлаймын. Сондай-ақ елдеріміз арасындағы бизнес серіктестікті қайта жаңғырту керек. Бізге осы бағыттағы форумдар мен бизнес кездесулерді жиірек өткізу қажет, - деп айтты Армения басшысы Тоқаевпен кездесуінде.