Партиялардың бір ұтатын жері – үміткерлер партия агенттері
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы саясаттанушы, доцент, PhD, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті саясаттану кафедрасының меңгерушісі Индира Рыстина «Сайлау – 2021: үгіт-насихат трендтері» атты сарапшылар талқылауы кезінде айтты.
Оның айтуынша, бұрын дәстүрлі түрде үгіт-насихат жүргізудің екі формасы болатын, оның бірі – таратылым, яғни, адамдарға жекелей таратылатын заттар, екіншісі – бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын материалдар.
Таратылымға тоқталар болсам, бұрын үстелге қойылатын, ілінетін немесе кішігірім күнтізбелер сияқты дүниелер шығарылып таратылатын еді. Биыл ондай байқамадым. Яғни, формат ауысты, таратылымнан кетіп бара жатырмыз. Қағазға жазылған ақпаратты адамдар қабылдамайды, оны жолындағы қоқыс жәшігіне тастай салуы мүмкін. БАҚ бойынша ақпарат шығып жатыр, биылғы сайлаудың ерекшелігі телеарналарда беріліп жатқан бейнероликтер көп. Осы ретте үшінші толқын – әлеуметтік желілер. Басқа сайлауларға қарағанда, биылғы сайлауда әлеуметтік желіні пайдалану ауқымы кең. Мұның басты себебі – жарты жыл ішінде әлеуметтік желіні әбден меңгеріп, барынша кеінен қолдануды үйрендік. Бұл партияларға берілген мүмкіндік, - деді ол.
Индира Рыстина әлеуметтік желіні пайдаланудың тағы бір себебі – бұл мәслихат сайлауының пропорционалды жүйеге көшіп, партиялар мәслихаттағы орындары үшін таласып жатқанын айтады.
Мұндағы ерекшелік – мәслихатқа түсіп жатқан тізімдегі үміткерлер әрбір партияны агенттері болды. Бұрын мәслихат сайлауында адамдар өздері үшін ғана дауыс жинап, ол аса байқалмайтын болса, қазір әрбір кандидат өз аумағынан ғана шықпайды, олар аудан, қала, облыс бойынша жұмыс істейді. Бұл жерде партиялардың бір ұтатын жері – үміткерлер партия агенттері. Егер бұрын партияның мүшелері немесе қызметкерлері ғана жұмыс істейтін болса, қазіргі кезде үміткерлер сол жұмысты өздері атқарып жатыр, - деді ол.
Бұған дейін Еуразиялық интеграция институтының сарапшысы, саясаттанушы Бауыржан Серiкбаев бұл сайлау өз уақытында өтіп жатқанын айтқан болатын. Сонымен қатар, заң ғылымдарының докторы, профессор, криминолог-ғалым Есберген Алауханов халықтың сайлауға үлкен жауапкершілікпен дайындалып жатқанын айтты.