Партияаралық теледебаттар республикалық телеарналардың эфирінен көрсетіледі
Партиялық тізім ұсынған саяси партиялар телеэфирлерге, оның ішінде теледебаттарға қатысуға байланысты шығындарды өздерінің сайлау қорларының қаражаты есебінен төлей алады.
Құрылтай депутаттарын сайлау науқаны аясында республикалық телеарналардың эфирінде партияаралық теледебаттар өтеді. Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында мәлім болды.
ОСК мүшесі Ләззат Сүйіндіктің айтуынша, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес бұқаралық ақпарат құралдары белгіленген талаптарды сақтай отырып, сайлауалды дебаттарды өткізу үшін өз алаңдарын ұсынуға құқылы.
БАҚ пен онлайн-платформаларды пайдаланушылар сайлауалды үгіт-насихат басталғанға дейін бес күннен кешіктірмей, яғни 2026 жылғы 18 шілдеге дейін, үгіт материалдарын шарт негізінде орналастырудың құны мен талаптары туралы ақпаратты жариялап, оны Орталық сайлау комиссиясына ұсынуға міндетті, – деді ол.
Сондай-ақ партиялық тізім ұсынған саяси партиялар телеэфирлерге, оның ішінде теледебаттарға қатысуға байланысты шығындарды өздерінің сайлау қорларының қаражаты есебінен төлей алады.
Ләззат Сүйіндіктің сөзінше, қазіргі уақытта ОСК «24KZ» телеарнасында партияаралық теледебаттарды ұйымдастыру мәселесін пысықтап жатыр.
Бұдан бөлек, ОСК-ға бұқаралық ақпарат құралдарынан келіп түскен өтінімдерге сәйкес, теледебаттарды Qazaqstan, «7 арна» және Jibek Joly телеарналарының эфирінде өткізу де жоспарланып отыр.