30 Шілде 2026, 15:29 Фото: ©BAQ.KZ/Мақпал Орынбек

Партияаралық пікірталас күшейді: Сарапшылар сайлаудағы жаңа үрдісті атады

Саяси бәсеке жаңа деңгейге шықты. Сарапшылар бұл өзгерістің сайлаушылар таңдауы мен науқан барысына ықпалын түсіндірді.

«САЙЛАУ-2026: медиа және цифрлық платформалар» сарапшылар алаңында мамандар қазіргі сайлау науқанының ерекшелігіне тоқталып, партиялар арасындағы ашық пікірталастар мен алдағы теледебаттардың саяси бәсекедегі рөліне баға берді.

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырған жиында Қазақстандық қоғамдық даму институты басқарма төрағасының орынбасары Азамат Байғалиев қазіргі сайлау науқаны бұрынғы науқандардан партиялар арасындағы жария саяси бәсекенің күшеюімен ерекшеленетінін айтты.

Оның сөзінше, сайлаушылармен кездесулер, өңірлік сапарлар мен БАҚ-тағы белсенділік сияқты дәстүрлі үгіт-насихат жұмыстарымен қатар, партиялар бір-бірімен ашық пікірталасқа жиі түсіп жатыр.

Саяси бәсеке мазмұндық деңгейге көтерілді

Сарапшының айтуынша, бүгінде партияаралық пікірталастардың негізгі тақырыптары қатарында бизнес мүдделерін білдіру, лоббизм, салық саясаты және заң шығару бастамаларының сапасы бар. Бұл сайлауалды науқанның имидждік сипаттан нақты саяси мазмұнға ауысып келе жатқанын көрсетеді.

Сондай-ақ Азамат Байғалиев партиялардың сайлауалды стратегиясында белгілі бір саралану байқалатынын атап өтті. Бірқатар саяси күштер парламенттік тәжірибесі мен танымалдығына сүйенсе, енді бірі жария белсенділікті күшейтіп, өткір саяси риторика арқылы сайлаушылар назарын аударуға тырысып жатыр.

Егер бұл үрдіс жалғаса берсе, дәл партияаралық дебаттар сериясы қазіргі науқанның басты элементтерінің біріне айналуы мүмкін. Мұндай пікірталастар қатысушылардың сын тұрғысынан пікір айту қабілетін ғана емес, қоғамдық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша нақты әрі іске асырылатын шешімдер ұсына алуын да бағалауға мүмкіндік береді, – деді Азамат Байғалиев.

Теледебаттар партиялар үшін басты сынақ болуы мүмкін

Осы жиында сөз сөйлеген «Қоғамдық келісім» РММ басқарма басшысы Елдос Жұмағұлов та қазіргі сайлау науқанының алғашқы күндері-ақ саяси партиялардың дәстүрлі үгіт-насихатпен шектелмей, ашық саяси бәсекеге басымдық бергенін айтты.

Оның пікірінше, қоғам назарында бизнес мүдделерінің өкілдігі, салық саясаты, ауылдық аумақтарды дамыту және экологиялық мәселелер тұр. Бұл қазіргі науқанның мазмұндық деңгейінің артқанын аңғартады.

Сарапшының айтуынша, саяси бәсеке партиялар арасында ғана емес, партияішілік деңгейде де жүріп жатыр. Мұндай жағдайда алдағы теледебаттардың маңызы бұрынғыдан да арта түседі.

Мұндай жағдайда теледебаттардың маңызы ерекше артады. Дәл сол жерде партиялардың өзара сыннан мазмұнды бағдарламалық талқылауға көше алатыны және сайлаушыларға сенімді балама ұсына алатыны айқындалады. Көп жағдайда бүкіл сайлау науқанының қалай қабылданатыны осы пікірталастардың сапасына байланысты болады, – деді Елдос Жұмағұлов.

Саналы таңдау жасауға мүмкіндік артады

Сарапшылардың ортақ пікірінше, ашық әрі мазмұнды саяси бәсекенің күшеюі қоғамдық диалогтың сапасын арттырып, азаматтардың саяси партиялардың бағдарламалары мен ұсыныстарын салыстыра отырып, саналы таңдау жасауына мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырған сарапшылар алаңында цифрлық дәуірдегі саяси коммуникацияның трансформациясы, сайлауалды үгіт-насихатта жасанды интеллектіні пайдалану, дезақпаратқа қарсы іс-қимыл, электоралдық мінез-құлықтың заманауи үрдістері және қоғамның саяси партиялардан күтетін үміттері талқыланды.

Еске салсақ, кеше, яғни 29 шілдеде жеті саяси партияның қатысуымен Ұлттық теледебаттың тікелей эфирі өтті. Эфир барысында саяси сарапшылар теледебаттың маңызына тоқталып, еліміздегі конституциялық реформалардан кейін алғаш рет өткізілгелі отырған Құрылтай сайлауының қоғамдық-саяси мәніне баға берді. Олар медиаорталықтың Sky студиясында партиялардың сайлау бағдарламаларын талқылады. 

Саясаттанушы Найла Мұхтарова кеше өткен алғашқы теледебатқа баға берді. Сарапшының айтуынша, пікірсайыс партиялардың бағдарламасымен қатар, саяси мәдениеті мен ашық бәсекеге дайындығын да көрсетті. 

Ал саясаттанушы Талғат Қалиев сайлаушының сенімін тек уәдемен жеңіп алу мүмкін емес екенін айтты. Оның айтуынша, қазіргі ақпараттық дәуірде сайлаушының сеніміне ие болу үшін бағдарламамен қатар эмоциялық байланыс пен тұрақты бедел де маңызды.

Сондай-ақ, ол биылғы сайлау науқаны ашық саяси бәсекенің жаңа кезеңін көрсеткенін атап өтті. Саясаттанушының пікірінше, бұл жолғы сайлау науқанының ерекшелігі – партиялардың тек дәстүрлі үгіт-насихатпен шектелмей, қоғам алдында өз ұстанымдарын ашық талқылауға көбірек ден қоя бастауы.