Партия құрылған күннен бастап бірпалаталы парламентті қолдады – ЖСДП төрағасы

ЖСДП төрағасы Асхат Рақымжанов партияның саяси кеңесі отырысында жаңа Конституция жобасында көрініс тапқан көптеген қағидаттар ЖСДП тарапынан жылдар бойы дәйекті түрде көтеріліп, бағдарламалық құжаттарда бекітіліп келгенін атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның сөзінше, бұл – кездейсоқ ұстанымдар сәйкестігі де, саяси конъюнктура да емес, партияның идеологиялық бағытының көрінісі.

Реформаның бастау нүктесі бірпалаталы парламент құру туралы бастама болды. Жалпыұлттық социал-демократиялық партия үшін бұл идея жаңа емес. Партия құрылған күннен бастап бірпалаталы парламентті өкілді биліктің неғұрлым жауапты, ашық әрі түсінікті формасы ретінде қолдап келеді, - деді Рақымжанов.

Асхат Рақымжанов бірпалаталы модель:

  • депутаттардың жеке жауапкершілігінің айқын болуын;
  • шешімдердің қайталанбауы және көмескіленбеуін;
  • азаматтар үшін заң шығару процесінің түсініктілігін;
  • парламенттік бақылаудың күшеюін білдіретінін атады.

Сонымен қатар, партия төрағасы жаңа Конституция жобасында ұсынылып отырған саяси партиялардың рөлін арттырып, олардың сайлаушылар алдындағы жауапкершілігін күшейтетін пропорционалды сайлау жүйесі өкілді демократияның социал-демократиялық түсінігіне толық сай келетінін айтты.

Бұған дейін Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Конституцияның жаңа жобасы бойынша ұстанымын жариялағанын хабарладық.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы