Паровоздан цифрлық локомотивке дейін: Қазақстандағы теміржол саласы қалай дамыды?
Қазір елде 1700 шақырымнан астам жаңа теміржол желісі салынып жатыр.
Қазақстан үшін теміржолдың маңызы әлі де жоғары. Өткен жылы елде теміржол арқылы 19,4 миллион жолаушы тасымалданып, жүк көлемі 320 миллион тоннаға жетті. Бүгінде Қазақстан Еуропа мен Азияны жалғайтын маңызды транзиттік бағыттардың біріне айналып отыр.
Қазір елде 1700 шақырымнан астам жаңа теміржол желісі салынып жатыр. Алдағы жылдары мыңдаған шақырым магистраль жаңғыртылады. Алайда бүгінгі жетістіктердің бастауы өткен ғасырда қаланды. Қазақстандағы теміржолдың қалыптасу тарихы қалай өрбіді? Бұл саланың дамуына қандай тұлғалар үлес қосты? BAQ.KZ тілшісі «Қазақстан темір жолы» музейінде болып, саланың өткені мен бүгініне шолу жасап қайтты.
Теміржол тарихындағы Тынышбаевтың орны
Қазақстан теміржолының тарихы туралы сөз болғанда, ең алдымен Мұхамеджан Тынышбаевтың есімі аталады.
Ол қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби теміржол инженері ретінде тарихта қалды. Қоғам қайраткері ғана емес, инженер маман ретінде де елдің көлік инфрақұрылымын дамытуға атсалысты.
Музей қызметкері Карина Сапашеваның айтуынша, Тынышбаевтың есімі Түркістан-Сібір теміржолының құрылысымен тығыз байланысты.
Түрксіб жобасы Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар нысан болды. Бұл магистраль өңірлер арасындағы байланысты күшейтіп, шаруашылық пен өнеркәсіптің дамуына серпін берді. Сондықтан Мұхамеджан Тынышбаевтың еңбегі теміржол тарихында ерекше орын алады, – дейді гид.
Бүгінде оның қызмет жолы елдегі теміржол саласының қалыптасу кезеңімен қатар қарастырылады.
Бір ғасырлық өзгеріс
Музейдегі ең әсерлі экспонаттардың бірі – өткен ғасырдың басында пайдаланылған паровоздар.
Олардың жанында тұрған кезде теміржолдың қаншалықты үлкен өзгерістерден өткенін аңғаруға болады.
Экспозицияда ХХ ғасырдың басындағы Ов сериялы паровоздардың тарихы таныстырылады. Кейінгі кезеңде Л сериялы локомотивтер кеңінен қолданысқа еніп, елдегі жүк тасымалының негізгі күшіне айналған.
Ең қызығы бұл экспонаттардың барлығы макет емес, шынайы локомативтер, - дейді музей қызметкері.
Бұл техникалар сол уақыттағы инженерлік мүмкіндіктердің қандай деңгейде болғанын көрсетеді. Мыңдаған тонна жүкті тасымалдап, өндіріс орындары мен елді мекендерді байланыстырған локомотивтер Қазақстан экономикасының дамуына үлес қосты.
Теміржол – бірнеше буын таңдаған кәсіп
Теміржол саласында еңбек әулеттері аз емес. Бір отбасының бірнеше буыны осы салада жұмыс істеп жүрген мысалдар көп кездеседі.
Музейдегі тарихи деректердің бірі қазақтан шыққан алғашқы әйел машинистердің бірі Күләш Байжүнісоваға қатысты.
Ол теміржолшы Дәулет Тұрсаевпен шаңырақ көтерген. Кейін олардың балалары мен немерелері де осы саланы таңдап, отбасылық дәстүрді жалғастырған.Теміржолда бірнеше ұрпақ қатар еңбек етіп жүрген әулеттер бар. Бұл саланың өзіндік мәдениеті мен сабақтастығын көрсетеді, – дейді Карина Сапашева.
Осындай оқиғалар теміржолдың жай ғана жұмыс орны емес, тұтас өмір жолына айналғанын аңғартады.
Қазақстанды байланыстырған магистральдар
Қазақстандағы теміржол желісі бір күнде қалыптасқан жоқ.
ХХ ғасырдың басында іске қосылған Орынбор – Ташкент магистралі алғашқы маңызды жобалардың бірі болды. Кейін Түрксіб салынды. Ал тың игеру жылдарында жаңа бағыттар ашылып, шалғай өңірлер арасында тұрақты байланыс орнады.Теміржол желілерінің кеңеюі көптеген өңірдің дамуына әсер етті. Жаңа станциялар пайда болып, өндіріс орындары мен елді мекендер бір-бірімен байланыса түсті, – дейді музей қызметкері.
Уақыт өте келе ішкі маршруттар көбейіп, республикадағы көлік инфрақұрылымы жаңа деңгейге көтерілді.
Тарихтан технологияға дейін
Теміржол саласы бүгінде жаңа кезеңге аяқ басты.
Қазір локомотивтер цифрлық жүйелермен жабдықталып, қозғалысты басқару технологиялары жетілдіріліп жатыр. Бұрын бірнеше адамның еңбегін қажет еткен жұмыстардың бір бөлігін автоматтандырылған жүйелер атқарады.
Музейде осы өзгерістерді де көруге болады.
Мұнда виртуалды және толықтырылған шындық технологиялары қолданылып, келушілер теміржолшы мамандығының ерекшеліктерімен интерактивті түрде таныса алады.
Бұл өткен тарих пен қазіргі технологияның тоғысқан тұсын көрсетеді.
Қазақстандағы алғашқы теміржолдардан бастап қазіргі халықаралық дәліздерге дейінгі аралықта тұтас бір елдің даму тарихы жатыр.
Рельстер арқылы тек жүк пен жолаушы ғана тасымалданған жоқ. Теміржол жаңа өндірістердің ашылуына, өңірлердің дамуына және экономикалық байланыстардың нығаюына ықпал етті.
Бүгінде Қазақстан темір жолдарының ұзындығы мыңдаған шақырымды құрайды. Ал осы жүйенің қалыптасу тарихы дәл осы музей қабырғасында сақталған.