Парламентке өтпей қалған саяси күштердің де ұсыныстары ескерілді – Тоқаев
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламентінің бірінші сессиясының ашылуы барысында өткен сайлау саяси бәсекені арттыруға оң ықпал еткенін айтты.
Қазақстандағы реформалардың басты бағытының бірі – саяси жаңғыру. Осы жаңғырудың негізгі қайраты барлық өзгерістерді жалпыұлттық диалог пен мәмілеге сүйеніп, эволюциялық жолмен жасау. Былтырғы саяси реформалардың бірінші бөлігі партияларға жаңа мүмкіндіктер ұсынып, еліміздің демократиялық дамуына серпін берді. Өткен сайлау саяси бәсекені арттыруға оң ықпал етті. Мәжіліс пен мәслихаттарға білікті, абыройлы адамдар келді. Бұған партиялық тізімде әйелдер мен жастар үшін 30%-дық квота белгілеу арқылы қол жеткіздік. Мәслихат сайлауына пропорционалды жүйені енгізу партиялардың өңірлердегі белсенділігін арттырды. Сондай-ақ, азаматтарды жергілікті жердегі саяси үдеріске барынша тартуға жағдай жасады. Парламенттік оппозиция институты шағын саяси күштердің рөлін айтарлықтай күшейтеді. Осылайша, еліміздегі көппартиялықты дамытуға және парламентаризмді нығайтуға едәуір серпін бердік, - деді ол.
Президент атағандай, тағы бір маңызды қадам – ауыл әкімдерін сайлау.
Биыл жекелеген ауылдық округтерде сайлау өтеді. Біз жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін ең төменнен бастап нығайтуды көздеп отырмыз. Бұл өте маңызды мәселе. Сондықтан алдағы уақытта ауыл әкімдерін сайлағаннан кейін аудан әкімдерін сайлауға көшуге болады. Алайда мұнымен де шектеліп қалмауымыз керек. Саяси жүйені орнықтырып, шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың ықпал етуін күшейте түсу үшін тың серпін қажет. Бұл бағытта реформалардың екінші бөлігін әзірлеу барысында ауқымды жұмыстар жасалды. Онда барлық партиялардың, соның ішінде кеше Парламентке өтпей қалған саяси күштердің де ұсыныстары ескерілді және болашақта да назарымызда болады. Ұлттық кеңес мүшелерінің және басқа да беделді сарапшылар мен белсенді азаматтардың идеялары, бастамалары қамтылып отыр. Біз осы жолғы сайлау науқаны карантин шектеулеріне қарамастан, қаншалықты қызу өткеніне бәріміз куә болдық. Кейбір партиялардың мәжіліс пен мәсхихаттарға өтуіне сәл ғана дауыс жетпей қалды, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Келесі жаңалық
Израиль премьер-министрін қамауға алу туралы ордер берілді
Өзгелердің жаңалығы