Парламент жұмысы 5 шілдеге дейін ұзартылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Қазақстан Республикасы Парламентінің жұмысы ұзартылды. Сәйкес қаулы қабылданды.
"Алтыншы сайланған Парламент төртінші сессиясының жұмысы 2019 жылғы 5 шілдеге дейін ұзартылады", - деді Мəжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин палаталардың бірлескен отырысында.Мəжіліс төрағасы алдағы уақытта атқарылатын жұмыс көп екенін айтты. Ал Премьер-министр Асқар Мамин бұл шешімнің себебін жіті түсіндірді.
"Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Кемелұлы Тоқаев сабақтастық негізінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әлеуметтік стратегиясын жалғастырып, халықтың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған іргелі шараларды қабылдауда. Президент әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы Жарлыққа қол қойды.Осы қабылданған шешімнің арқасында әлеуметтік тұрмысы төмен азаматтарға көмек көрсетіледі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет халықтың ең өзекті әлеуметтік мәселелерін шұғыл түрде шешуге арналған және халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында жедел шаралар топтамасын әзірледі. Атап айтқанда, осы шаралардың іске асуының нәтижесінде ағымдағы жылдың аяғына дейін жұмыссыз 300 мыңнан астам адам "Бастау бизнес" және "Жас кәсіпкер" бағдарламалары бойынша кәсіптік білім беру арқылы жұмысқа орналастыру шараларымен қамтылады. Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлікті ұзақ мерзімді кредиттер және гранттар ұсыну арқылы дамыту шаралары, әлеуметтік көмек ұсынудың тиімділігін арттыру, аз қамтылған отбасыларға жалдамалы баспана құрылысының көлемін екі есе өсіру. (жылына 20 мың пәтер), жұмыс істейтін жастарға жалдамалы үйдің құрылысын үш есеге арттыру (жылына 3 мың пәтер) шаралары қолға алынады", - деді Мамин.
Премьердің айтуынша, сондай-ақ, аз қамтылған отбасылардың балаларына кешенді әлеуметтік қолдау шаралары ұйымдастырылады. Соның ішінде, биыл 5 мың білім гранттары бөлініп, тегін жол жүру, мектепке қажетті заттармен қамтамасыз етіледі. Осы маңызы үлкен шараларды іске асыру үшін 2019-2021 (екі мың он тоғыз – екі мың жиырма бірінші) жылдарға арналған Республикалық бюджет туралы заңға өзгерістерді енгізу қажет.
"Осыған байланысты, бюджетке енгізілетін өзгерістерді қарастыру үшін Парламент сессиясын жұмысының мерзімін ұзарту мәселесін қарастыруды сұраймын. Осы ретте, алдағы уақытта Парламент пен Үкімет осы әлеуметтік маңызы үлкен шараларды қабылдауға белсенді жұмыс атқаратына сенемін", - деді Асқар Мамин.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Арыс тұрғыны: Үйімізді жөндеп, жағдай жасап берсе болды
Өзгелердің жаңалығы