Парламент сайлауы несімен ерекше? Сарапшы жауабы
Бұл туралы Президент жанындағы ҚСЗИ жетекші ғылыми қызметкер Жанар Санхаева айтты, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
2023 жылдың 19 наурызында Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының сайлауы өтеді. Қазіргі сайлаудың ерекшелігі оның аралас сайлау жүйесі бойынша өткізіліп, ұйымдастырылуында. Қазақстанда бір мандатты округтер бойынша соңғы сайлау 2004 жылы өтті, бұл сайлауды ақпараттық қамтамасыз етуді күшейту мәселесін өзекті етеді. Яғни, дауыс берудің ерекшеліктері мен сайлаудың пропорционалды-мажоритарлық жүйесі туралы түсіндірме жұмысын жүргізу, – деді спикер.
Оның айтуынша, өткен сайлаудың қорытындысы бойынша партиялық тізімдегі әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота беру нормасы жүзеге асырылып, парламенттік оппозиция институты да енгізілген.
Биылғы сайлау науқаны да жаңа сайлау шарттарымен ерекшеленетін болады. Олардың қатарына саяси партияларды тіркеу үшін мүшелер санын қысқарту жатады, бұл іс жүзінде жаңа партиялық қозғалыстарға жол ашты. Мәселен, сайлау жарияланған кезеңде «Байтақ» және «Республика» атты екі жаңа партия тіркелген. Партияларды құрудың жаңа тәртібінен бөлек, партиялардың Парламентке кіруіне қойылатын шекті кедергі де төмендетілді, – деді Санхаева.