Парламент реформасы саяси жүйені қайта қарауға жол ашып отыр – Қошанов

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов палатаның жалпы отырысында 20 қаңтарда өткен Ұлттық құрылтайға қатысты ойын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Президенттің әр реформасы, әр бастамасы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген қастерлі ұғымнан бастау алады. Бұл шын мәнінде, тарихи жиын болды. Әр Құрылтайдың ел шежіресіндегі орны да, жөні де бөлек екені сөзсіз. Дегенмен, кешегі отырыстың идеологиялық мазмұны терең, саяси салмағы әлдеқайда басым. Құрылтайда Президентіміз ел тағдырына тікелей қатысты жаңа, ауқымды әрі бетбұрысты реформалар жиынтығын ұсынды, - деді Қошанов.

Спикердің айтуынша, бұл реформалар – ұлттық деңгейдегі институционалдық трансформацияның бастауы. Соның аясында мемлекеттік құрылымның концепциясы кешенді түрде өзгермек. Сөйтіп, билік архитектурасы түбегейлі жаңғырады. Қошанов бұл қадамдарды «Президент Тоқаевтың әділет жолы» деп айтуға болады деп санайды.

Ол жұмыс бүгін ғана басталған жоқ. Қасым-Жомарт Кемелұлы президенттікке кіріскен алғашқы күннен бастап кезең-кезеңімен іске асып келе жатқан жүйелі, кешенді реформалардың заңды жалғасы. Бұл бастамалардың үлкен бір бағыты Парламенттің келешегіне қатысты. Мәжіліс депутаттары осы өзгерістердің қайнаған ортасында жүр, - деп айтты Қошанов.

Мәжіліс төрағасы депутаттар жарты жыл бойы болашақ Парламенттің құрылымы мен құзыреті төңірегінде нақты нормалар әзірлеп, ұсыныстар бергенін атап өтті. Оның сөзінше, әр партияның саяси ұстанымы мен көзқарасы Президенттің позициясымен үндескен.

Жалпы, парламенттік реформа саяси жүйені қайта қарауға жол ашып отыр. Бір палаталы Парламент құру – ел болашағы үшін тағдыршешті, өте қажет шешім. Ол – саяси жауапкершілікті нақтылау, партиялардың институционалдық рөлін күшейту, заң шығару процесін кәсібилендіру деген сөз, - деп түсіндірді ол реформаларды.

Қошанов Президенттің болашақ Парламентті «Құрылтай» деп атау туралы ұсынысын былай деп пайымдады.

Мұны өте ұтымды шешім дер едім. Менің ойымша, тарихи тұрғыдан да, қазіргі заман тұрғысынан да Парламенттің табиғатын аша түсетін атау. Құрылтай – қай кезеңде де дала демократиясының негізі болған. Ежелден ұлт тағдырын айқындаған, ел аманатын арқалаған институт. Президент дәл осы жауапкершілікті болашақ Парламентке жүктеп отыр, - деді ол.

Оның сөзінше, ҚХА-ның орнына құрылатын Халық Кеңесі Парламенттің баламасы болмайды. Халық кеңесі – елдегі ең жоғары консультативтік орган мәртебесіне ие болады.

Бұдан бөлек, билік тармақтарын жаңғырту үшін Мемлекет басшысы Вице-Президент лауазымын енгізу бастамасын көтерді. Бірден айта кетейін, бұл билікті бөлу емес. Мемлекеттік басқару жүйесін қазіргі заманға бейімдеу. Осы ұсыныстар Қазақстанның саяси жүйесін айтарлықтай жаңғыртып, жаңа институционалдық деңгейге көтереді, - деп айтты Ерлан Қошанов жалпы отырыста.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы