Парламент реформасы: Неліктен талқылауға 2 жыл уақыт керек?

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Парламент реформасына және елдің бір палаталы құрылымға көшу ықтималдығына байланысты алдағы конституциялық өзгерістерді түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс енді басталды және кең қоғамдық қатысумен бірнеше кезеңде жүргізілетін болады.

Ол жоспарланып отырған өзгерістерді талқылауға уақыт қажет екенін атап өтті. Себебі Конституциядағы көптеген бапты түзету қарастырылып отыр және бұл елдің бүкіл саяси архитектурасына әсер етеді. Процеске саяси партиялар, сарапшылар, ғалымдар, белсенді азаматтар тартылып, өз көзқарастары мен ұсыныстарын білдіру мүмкіндігі беріледі.

Біз қазір бұл процестің басында тұрмыз. Жұмыс жүріп жатыр және барлық мүдделі тарап өз пікірін айтып, өз көзқарасын ұсынуы керек. Бұл мәселелер комиссия аясында қаралады. Талқылау биылғы және келесі жылы жалғасады. Дайындық аяқталғаннан кейін мәселе референдумға шығарылады. Оны 2027 жылы өткізу жоспарланып отыр, – деді Сенат спикері палатаның кулуарында берген сұхбатында.

Оның мәлімдеуінше, шешімді халық қабылдауға тиіс. Егер өзгерістер референдумда қолдау тапса, Конституция мен конституциялық заңдарға тиісті түзетулер енгізіледі. Референдумға реформа бойынша барлық негізгі ұсыныстар қоғамда талқыланып жатқан нұсқада шығарылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Сенаттың баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы