Парламент – қоғам мүддесінің қорғаушысы: Пан реформалар жайлы айтты

Парламентаризм институтының директоры Наталья Пан Парламенттің ел дамуына бағыт беретін шешімдер қабылдайтын маңызды институт екенін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Астанада Парламентаризм институтының құрылғанына бес жыл толуына орай “Парламентаризм: құқықтық негіз, даму және болашаққа көзқарас” тақырыбында Еуразиялық форум өткенін еске сала кетейік.

Парламент – қоғамның мүддесін қорғайтын институт. Бұл жерде елдің дамуын айқындайтын шешімдер қабылданады, – деді ол.

Оның айтуынша, Еуразиялық өңір елдері үшін парламентаризм тақырыбы ерекше өзекті.

Біз мемлекеттік билік жүйесінде елеулі трансформацияларды көріп отырмыз. Демократиялық институттардың күшеюі, қоғам тарапынан транспаренттік пен есептілікке сұраныстың артуы Парламенттен жоғары жауапкершілікті талап етеді, – деді Наталья Пан.

Соңғы онжылдықтарда өңір елдері формалды өкілдік органдардан толыққанды заң шығарушы институттарға дейін дамыды.

Құқықтық база құрылды, ол парламенттердің құрылымы, заң қабылдау процедурасы мен бақылау механизмдерін реттейді. Бірақ реформалар көрсеткендей, тиімді Парламент – бұл үнемі жаңарып, әлемдік үздік тәжірибелерді интеграциялайтын динамикалық организм, – деді ол.

Наталья Пан реформаларды жүргізудің қажеттілігін Қазақстандағы жағдаймен байланыстырып түсіндірді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған реформалар саяси жүйенің “піскендігіне” негізделеді.

Біздің мақсатымыз – Парламент пен партиялардың рөлін күшейтіп, мықты президенттік басқаруды сақтай отырып, ел бірлігін, Конституцияның беріктігін және азамат құқықтарын қорғау, – деді Наталья Пан.

Реформаның негізгі элементтері: билік құрылымын жаңарту және Парламенттің рөлін күшейту.

Бұл тек Парламент құрылымын өзгерту емес, мемлекеттік билік архитектурасын қайта ойластыру, басқару моделін жаңарту. Президент Тоқаев формуланы нақты айтты: “Мықты Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет”. Бұл модельде Парламентке жаңа жауапкершілік пен мүмкіндіктер беріледі, – деді ол.

Спикердің айтуынша, бірпалаталы модель заң шығаруды жеделдетіп, уақыт талаптарына икемді жауап беруге мүмкіндік береді.

Парламент тек шешім бекітетін алаң емес, сараптамалық талқылаулар орталығы болады. Оның өкілеттіктері кеңейіп, атқарушы биліктің нақты есептілігін қамтамасыз ететін институтқа айналады, – деді Наталья Пан.

Ол сондай-ақ кәсіби, тәжірибелі мамандардың Парламентке келуін маңызды деп атап өтті.

Парламент заманауи, компакт, технологиялық және ашық болуы тиіс. Қоғам талаптарына тез жауап беріп, теңгерімді шешімдер қабылдай алатын болуы керек, – деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Парламентаризм институты
Өзгелердің жаңалығы